Олар Хорватия мен Грекияда өткен самбодан ардагерлер арасындағы әлемдік турнирлерде, сондай-ақ АҚШ-та дзюдодан өткен жарыста жүлделі орындарға ие болған.
Қостанай қаласының соты самбо және дзюдо шеберлері Анатолий Веклич пен Мұрат Кинтоновтың талап-арызын қанағаттандырып, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігін халықаралық турнирлердегі жеңістері үшін тиесілі сыйақыларды төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Halyqstan хабарлады.
2016–2017 жылдары ардагерлер арасындағы әлемдік жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар ұзақ уақыт бойы заңда қарастырылған ақшалай төлемдерді ала алмай келген. Олар Хорватия мен Грекияда өткен самбодан ардагерлер арасындағы әлемдік турнирлерде, сондай-ақ АҚШ-та дзюдодан өткен жарыста жүлделі орындарға ие болған.
Мұрат Кинтонов АҚШ-тағы турнирде жеңіске жетіп, 2,3 мың доллар көлеміндегі сыйақыға ие болуға тиіс болған. Ал Анатолий Веклич дзюдодан Италияда қола жүлде, Мароккода күміс жүлде, сондай-ақ Грекияда самбодан алтын медаль жеңіп алып, жалпы сомасы 11,4 мың доллар төлем талап еткен.
Істі қарау барысында министрлік талап қою мерзімінің өтіп кеткенін, сондай-ақ спортшылардың ардагер мәртебесін және ұлттық құрама тізімінде болмағанын алға тартып, төлем жасаудан бас тартқан. Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп танып, оларды дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясат мақсаттарына қайшы келеді деп бағалады.
2026 жылдың қаңтар айында соттар гир спортынан әлем чемпионы Сергей Карпенкоға 2016-2021 жылдар аралығындағы әлем чемпионаттарындағы жеңістері үшін тиесілі сыйақыларды төлеуді министрлікке міндеттеген болатын. Сонымен қатар, спортшының құқықтарының бұзылуына байланысты министрге жеке ұйғарым шығарылды.
Ал 2026 жылдың ақпан айында елорда соты гир спортынан әлем чемпионаттарының жүлдегері Юрий Брельдің сыйақы төлеуден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп танып, министрлікті барлық жүлделі орындар бойынша берешекті өтеуге міндеттеді.