Ол Моңғолия балуанына жол берді.
Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан сары құрлық біріншілігінде қазақстандық Елена Шалыгина үшінші орын үшін белдесуде Моңғолия балуаны Дэлгэрмаа Нхсайханнан кемшін түсті.
68 келіде сынға түскен балуан 1:1 есебімен ұпай теңестіргенімен, басымдық сақтап тұра алмады. Қарсыласы қазақстандық балуанның жауырынын жерге тигізіп, жеңісті иеленіп кетті.
Ал балуан бұл жеңіліске қателік салдарынан ұшырағанын атады.
«Белдесуден ауыр қателікке бой алдырдым. Сәуірдің соңында тіземе күрделі ота жасатамын. Бұған дейін сіңірімді жарақаттап алған болатынмын. Отадан қалпыма келгеннен кейін ары қарай жағдай белгілі болады деп ойлаймын. Күрделі жарақат болған соң қалыпқа келу ұзақ уақыт алады. Құрамаға қосылу туралы қазір айту өте қиын. Сол уақытқа жеткенде ойланатын боламын», - деді Елена Шалыгина 1bol.kz тілшісіне.
Бұған дейін қола жүлде үшін күрескен Марал Тәңірбергенова есе жіберіп турнирді бесінші орынмен аяқтады. Сонымен бірге, Зейнеп Баянова (53 кг), Нюлифар Раимова (57 кг), Айжан Суйдуова (65 кг) мен Жәмила Бақбергенова (72 кг) іріктеу кезең дерінде сүрініп, жүлдеден тыс қалды.