Дзюдошылардың қарсыластары белгілі
Дзюдодан Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының соңғы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының төрт балуаны қола жүлде үшін күресетін болды.
Олардың қатарында Айдар Арапов (90 кг), Шархан Нұрлыхан (-100 кг), Аружан Жангелдина (-78 кг), Аида Тойшыбекова (+78 кг) сынды татами шеберлері бар.
Іріктеу кезеңінде Айдар Арапов Таиланд балуанын жеңгенімен, ширек финалда Оңтүстік Корея балуанына жол берді. Жұбаныш белдесуінде Қытайлық Тайпей өкілінен басым түскен ол қола жүлде үшін қырғыз балуаны, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Ерлан Шеровпен күреседі.
Ал Шархан Нұрлыхан алғашқы айналымда Қытайлық Тайпей балуанын, ал ширек финалда Өзбекстан өкілі Ерназар Сәрсенбаевты қапы қалдырды. Өкінішке қарай, жартылай финалда ол БАӘ балуаны Джафар Костоевқа жол беріп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Қызылордалық балуан енді Қытай спортшысымен үшінші орынға таласады.
Әйелдер арасында Аружан Жангелдина (-78 кг) бірінші белдесуінде Моңғолия спортшысын жеңгенімен, жартылай финалға шығар сында Қытай балуанына қарсы қауқар таныта алмады. Есесіне, ол жұбаныш белдесуінде Қытайлық Тайпей балуанын жеңіп, қола жүлде үшін аталған елдің тағы бір спортшысымен кездеседі.
+78 келіде Аида Тойшыбекова Азия чемпионатын сәтті бастап, Қытайлық Тайпей балуанын жеңген еді. Алайда ол ширек финалда Оңтүстік Корея балуанына қарсы сында осалдық танытты. Есесіне, жұбаныш белдесуінде тәжік спортшысын жеңіп, енді қола жүлде үшін өзбек балуаны Умида Нигматовамен өзара мықтыны анықтайды.
Бүгін татамиге шыққан Марат Байкамуров (-100 кг) қырғыз балуанын жеңгенімен, ширек финалда сүрінді. Сонымен қатар, жұбаныш белдесуінде Қытай спортшысына жол беріп, жарысты 7-орынмен аяқтады. Ал Ақерке Рамазанова (+78 кг) алғашқы белдесуінде тәжік балуаны Виктория Киселеваға жол беріп, жарысты аяқтады.
Кеше ҚР ұлттық құрамасынан Әділет Алмат Азия чемпионы атанса, Абылайхан Жұбаназар жүлдегер атанды. Сонымен қатар, әйелдер арасында Есмигүл Куюлова үшінші орынға тұрақтады.