СІМ азаматтарды жеке қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуға шақырды
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына баруды жоспарлап отырған азаматтарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес берді.
СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтетін дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған жанкүйер келеді. Олардың қатарында қазақстандықтар да бар.
Осыған байланысты министрлік азаматтарды жеке қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуға шақырды.
«Чемпионат аясындағы матчтар мен өзге де іс-шараларға қатысуды жоспарлап отырған азаматтарға сақтық шараларын ұстануды және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды ұсынамыз», – деді Ерлан Жетібаев.
СІМ өкілі қазақстандықтарға жеке басын куәландыратын құжаттарды немесе олардың көшірмелерін әрдайым өзімен бірге алып жүруге, жергілікті құқық қорғау органдары мен ұйымдастырушылардың талаптарын мүлтіксіз орындауға кеңес берді. Сондай-ақ сапар бағыттарын алдын ала жоспарлап, тек ресми көлік қызметтерін пайдалану қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, министрлік өкілдері ресми жанкүйерлік аймақтардан тыс жерлердегі рұқсат етілмеген жаппай жиындардан аулақ болуға шақырды. Азаматтарға жеке заттары мен құжаттарын қараусыз қалдырмау, қоғамдық орындарда қырағылық таныту және жергілікті билік органдарының, турнир ұйымдастырушыларының әрі төтенше жағдай қызметтерінің хабарламаларын мұқият қадағалау ұсынылды.
СІМ шетелде жүрген кезде көші-қон заңнамасын, визалық талаптарды және қабылдаушы елдердің тәртіп ережелерін сақтау аса маңызды екенін ескертті. Төтенше жағдай туындаған жағдайда азаматтарға жергілікті жедел қызметтерге дереу хабарласып, Қазақстанның дипломатиялық және консулдық мекемелерімен байланыста болу ұсынылды.