Ел құрамасының қоржынында барлығы 16 жүлде бар
Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Пара Азия ойындарында Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде жетінші орынға жайғасты.
20 қазан күні сағат 10:30-дағы мәлімет бойынша, қазақстандық спортшылар 3 алтын, 5 күміс және 8 қола медаль жеңіп алған. Ел құрамасының қоржынында барлығы 16 жүлде бар.
Медальдар кестесінде Қытай құрамасы көш бастап тұр. Қытай спортшылары 36 алтын медальды қоса алғанда, жалпы 85 жүлде иеленген. Екінші орында жарыс қожайындары Жапония тұр. Үздік үштікті Өзбекстан құрамасы түйіндейді.
Қазақстан құрамасы медальдар саны бойынша Иран, Оңтүстік Корея және Үндістан спортшыларынан кейін орналасқан.
Айта кетейік, Пара Азия ойындары 18–24 қазан аралығында өтеді. Жарыс бағдарламасына спорттың 18 түрі енгізілген.