Михаил Шайдоров Франциядағы Гран-при кезеңінде мықты қарсыластармен сынға түседі

Шайдоров үшін бұл - Олимпиада алтынынан кейінгі алғашқы маусым

ҰОК
ҰОК

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Францияның Анже қаласында өтетін Гран-при кезеңінде өнер көрсетеді. 23–25 қазан аралығында өтетін жарыста отандасымыз Еуропаның екі дүркін чемпионы Адам Сяо Хим Фа бастаған мықты қарсыластарымен бәсекеге түседі.

Франциядағы кезең 2026/27 жылғы маусымның Гран-при сериясын бастайды. Жарыс барысында ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанау, спорттық жұптар және мұздағы би бойынша жүлделер сарапқа салынады. Алты кезеңнен тұратын серияның қорытындысы бойынша желтоқсанда өтетін финалға қатысушылар анықталады.

Шайдоров жаңа бағдарламаларын таныстырды

Михаил Шайдоров үшін бұл - Олимпиада алтынынан кейінгі алғашқы маусым. Ақпан айында Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшы 291,58 ұпай жинап, чемпион атанды. Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған ол еркін бағдарламада 198,64 ұпай еншілеп, қарсыластарынан басым түсті.

Қыркүйек айының соңында Шайдоров маусымдағы алғашқы халықаралық жарысына қатысып, Словакияның Братислава қаласында өткен Ондрей Непела мемориалында қола медаль жеңіп алды. Ол екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 272,75 ұпай жинады. Қысқа бағдарламада 95,98 ұпай еншілеп, жеке рекордын жаңартты.

Жаңа маусымда қазақстандық спортшы екі бағдарламасын да жаңартқан. Қысқа бағдарламада бразилиялық музыкант Карлиньос Браунның Vidacarnaval туындысына сырғанайды. Қойылымды әлемдік мәнерлеп сырғанаудың танымал хореографы Ше-Линн Бурн дайындады.

Ал еркін бағдарламада композитор Кирилл Рихтердің Michigan 7, Mechanisms және Chronos шығармалары пайдаланылған. Бағдарламаның хореографы - француз маманы Бенуа Ришо.

Басты қарсыластарының бірі - Адам Сяо Хим Фа

Франция атынан сынға түсетін Адам Сяо Хим Фа өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетеді. Еуропаның екі дүркін чемпионы әрі 2024 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 306,78 ұпай жинаған.

Алайда француз спортшысы маусымды сәтті бастаған жоқ. Ондрей Непела мемориалында ол 249,35 ұпаймен бесінші орынға тұрақтады. Қысқа бағдарламадан кейін тоғызыншы орында болған мәнерлеп сырғанаушы еркін бағдарламада нәтижесін жақсартқанымен, жүлдеге іліге алмады.

Шайдоров аталған жарыста француз қарсыласынан 23,40 ұпайға озып кетті. Дегенмен Сяо Хим Фаның өз алаңында өнер көрсетуі бәсекені қыздыра түсуі мүмкін.

Өзге де мықты қарсыластар бар

Ерлер арасындағы бәсекеде Эстония өкілі Александр Селевкоға да назар аударған жөн. Ол осы маусымда АҚШ-тағы Cranberry Cup International және Германиядағы Nebelhorn Trophy турнирлерінде жеңіске жетті. Бұған қоса, 2024 жылғы Еуропа чемпионатында күміс жүлде алған.

Шайдоровтың қарсыластары қатарында жапониялық Као Миура мен Сота Ямамото, оңтүстіккореялық Минкю Со да бар. Олардың әрқайсысы халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуге қабілетті. Сонымен қатар Италия, Словакия және АҚШ спортшылары да жүлдеге таласады.

Анжедегі кезеңнен кейін Шайдоров 6–8 қарашада Қытайда өтетін Гран-при жарысына қатысады. Ал серияның финалы 10–12 желтоқсанда Қытайдың Чунцин қаласында ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Франциядағы кезеңде ерлер арасындағы қысқа бағдарлама 24 қазанда, ал еркін бағдарлама 25 қазанда өтеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам