Ризабек Айтмұхан Астанадағы Әлем чемпионаты алдында мәлімдеме жасады

Оның сөзінше, 97 келіге дейінгі салмақтағы бәсеке өте тартысты әрі нәтижесін болжау қиын

ҰОК
ҰОК

Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан Астанада өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, ел намысын абыроймен қорғауды мақсат етіп отыр.

Оның айтуынша, 97 келіге дейінгі салмақта әлемнің мықты балуандары белдесетіндіктен, жарыстың нәтижесін алдын ала болжау қиын. Бұл салмақта жеңіске жету үшін әр қарсыласпен күреске тыңғылықты дайындалып, бар күшін салу қажет.

«Бұл салмақта басқа елдердің атынан күресетін легионерлер көп. Олардың біразымен белдестім: бірін жеңсем, біріне есе жібердім. Қазір әлем чемпионы – Кайл Снайдер. Бірақ оның өзі де талай қарсыласына жеңілген. Бұл салмақта балуандар бірін-бірі жеңіп жүр, сондықтан нәтиже болжау өте қиын», – деді Айтмұхан әлем чемпионаты алдындағы баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ балуан алдағы жарысқа қатысу өзі үшін үлкен мотивация екенін атап өтті. Оның айтуынша, күн сайынғы дайындығы мен ойы әлем чемпионатында жеңіске жетуге бағытталған.

«Күн сайын жаттығамын, осы мақсатпен өмір сүріп жүрмін. Қазақстанның туын желбіретіп, елімнің атын шығарғым келеді», – деді ол.

Спорттық күрестен әлем чемпионаты 24 қазанда Астанада басталып, 1 қарашаға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа 135-тен астам елден рекордтық қатысушы саны жиналады деп күтілуде.

Қазақстандық жанкүйерлердің басты үміт артатын балуандарының бірі – Ризабек Айтмұхан. Ол еркін күрестен Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған. Биыл балуан 97 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, әлемдік деңгейдегі үздіктермен күш сынасады.

Бұл салмақта АҚШ өкілі Кайл Снайдермен қатар, Ресей балуаны Абдулрашид Садулаев пен басқа да танымал спортшылардың өнер көрсетуі күтіледі.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам