«Ақтөбе» клубы бұрынғы басшысын сотқа беруі мүмкін

Арман Оспанов 2026 жылғы 8 қаңтарда «Ақтөбе» клубының басқарма төрағасы болып тағайындалған

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

«Ақтөбе» футбол клубы бірқатар ойыншы мен бапкердің өкілдері алдындағы берешекке қатысты ресми мәлімдеме жасады. Қазір клубтың бұрынғы басқарма төрағасы Арман Оспанов кезінде жасалған агенттік келісімдер тексеріліп жатыр. Егер құжаттардан заңбұзушылықтар анықталса, клуб тиісті қаражатты сот арқылы өндіріп алуды көздейді.

Клубтың баспасөз қызметі агенттік келісімдердің заң талаптары мен FIFA регламенттеріне сәйкестігі тексеріліп жатқанын хабарлады. Бұл ретте клуб қалыпты жұмыс режимінде екенін атап өтті.

«Тексеру нәтижесінде аталған келісімдердің заңдылығы расталған жағдайда, көрсетілген төлемдер толық көлемде жүзеге асырылады. Ал қандай да бір заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, клуб тиісті қаражатты А. Оспановтан сот тәртібімен өндіріп алуға құқылы», – делінген ресми мәлімдемеде.

Сондай-ақ клуб өкілдері жанкүйерлерді расталмаған ақпаратқа сенбей, тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Айта кетейік, Арман Оспанов 2026 жылғы 8 қаңтарда «Ақтөбе» клубының басқарма төрағасы болып тағайындалған. Алайда 22 сәуірде оның өкілеттігі тоқтатылды. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында клубтың бірқатар футболшы мен бұрынғы бапкердің өкілдері алдындағы берешегі туралы ақпарат тараған болатын.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам