Серік Сәпиев бокстан 10 жыл бойы ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен
Қарағанды облысының спортына жауапты басқарма басшылығына тағайындалған Серік Сәпиев жаңа қызметіне қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін спорт саласында жауапты қызметтер атқарған ол бұл жолы облыс спортын өркендетуге аса ниетті екенін көрсетті.
«Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне кірістім. Менің кандидатурамды ҚР Туризм және спорт министрлігінде арнайы комиссиямен келіскеннен кейін өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тағайындау туралы өкімге қол қойды. Сенім білдіргеніне рахмет! Министр Ербол Мырзабосыновтың да үмітін ақтаймын. Өзекті мәселелерді шешіп, жаңа, ауқымды әрі қызықты жобаларды іске асыратын боламыз. Ұсыныстарға ашықпын. Сарыарқаны спорттық аймақ етейік», - деп жазды шенеунік әлеуметтік желіде.
Серік Сәпиев бокстан 10 жыл бойы ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен. Ол Лондон Олимпиадасында чемпион атанса, екі мәрте әлем және Азия чемпионы болды. Сондай-ақ, Азия Ойындарында топ жарды (2010).
Ол спорттық мансабын аяқтағаннан кейін "Астана арландары" бокс клубына басшылық етті. Мәжіліс депутаты болып, кейін спорт және дене шынықтыру комитетіне жетекшілік жасады. Кейін ҰОК-де ұзақ жылдар бойы лауазымды қызмет атқарған.