Анасы бастапқыда қызын мәнерлеп сырғанау немесе балетке бергісі келгенін айтады
Дзюдодан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абибаның анасы Гүлзинат Ақберова Париж олимпиадасының алдында түс көріп, қызының жеңілетінін сезген. Бұл туралы ол Qazaqstan телеарнасындағы «Әйел әлемі» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
«Жеңілетінін білдім. Жеңілетінін түсімде көрдім. Ауырып жатқаны түсіме кірді. Жүрегім қатты сезеді, жүрегім суылдаса, онда қызым жеңіледі деген сөз. Ал жүрегім тыныш болса, онда жеңеді деп отыра беремін. Бірақ мен оның жеңілетінін емес, денсаулығын ойладым. Аман-есен үйге оралса екен дедім. Себебі талай медальмен оралды, оған да шүкір айту керек. Жеңіс бар жерде жеңіліс бар. Бергенді көтере білу керек. Алда олимпиадалар көп, жеңеді, жас қой», - деді Гүлзинат Ақберова.
Анасы бастапқыда қызын мәнерлеп сырғанау немесе балетке бергісі келгенін айтады. Дегенмен Абибаның таңдауы дзюдоға түскен.
«Мәнерлеп сырғанаушы болғанын қаладым, бірақ Өзбекстанда үйірме таппадық. Сонан соң балетке бергім келді, себебі ол өте икемді болатын. Балет әртістері үнемі шетелде жүреді екен. Ташкентке алып барғанымда, сол жаққа тастап кетіп, аптасына тек бір рет көруге рұқсат беретінін білген соң, райымнан қайттым. Себебі өзім өте балажанмын. Гимнастикаға да бердік, «епті қыз екен» деді, бірақ ол көп ұзамай жабылып қалды. Сонан соң дзюдоға барды. Күреске бергім келген жоқ, бірақ бір аптадан соң өзіне қатты ұнағанын айтты», - деді спортшы қыздың анасы.