Қазақстан балуаны Ибрагим Магомадов Азия чемпионатының жүлдегері атанды

25.03.2025, 22:05

Тағы екі балуанымыз жүлде үшін таласады

Қазақстан балуаны Ибрагим Магомадов Азия чемпионатының жүлдегері атанды
Olympic.kz

Амманда (Иордания) күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық балуан қола жүлде үшін белдесуде жеңіске жетіп, қоржынға алғашқы медальды салды.

Грек-рим күресінен 77 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін өткен белдесуде Ибрагим Магомадов Иордания балуанын жеңіп, үшінші орынға ие болды. Кездесу барысында 0:3 есебімен ұтылып жатқан жерлесіміз белдесудің екінші жартысында басымдыққа қол жеткізді.

Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасынан 5 балуан жарыс жолына шыққан болатын. Оның біреуі финалға жетсе, төртеуі қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, Ербол Қамалиев (55 кг) пен Сұлтан Әсетұлы (63 кг) есе жіберіп, 5-ші орынға тұрақтады. Ал 87 келіде легионер Шамиль Ожаев қола үшін күресетін болса, Әлімхан Сыздықов (130 кг) чемпиондық атаққа таласады.

Айта кетейік, 25-30 наурыз күндері Амманда кезекті Азия чемпионаты өтуде. Оған еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер күресі ұлттық командасы толық құрамда аттанды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам