
Тағы бір балуан финалда алтын медаль үшін күреседі
Иорданияда күрес түрлерінен басталған Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының екінші балуаны қола жүлдеге ие болды. 87 келіде белдесетін легионер балуан Шәміл Ожаев Оңтүстік Корея палуаны Пак Санхёкты жеңіп, ұлттық құрама сапындағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді.
Шәміл Ожаев бүгін жартылай финалға дейін жеткен еді. Алайда, финалға шығар сында ол өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовтан жеңіліп, қола үшін күресуге мүмкіндік алды.
Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасынан 5 балуан жарыс жолына шыққан болатын. Оның біреуі финалға жетсе, төртеуі қола жүлде үшін күресті. Оның ішінде Ербол Қамалиев (55 кг) пен Сұлтан Әсетұлы (63 кг) жүлдесіз қалса, 77 келіде Ибрагим Магомадов өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, үшінші орын иеленді. Сондай-ақ, 130 келіде Әлімхан Сыздықов финалда парсы балуанымен белдеседі.
25-30 наурыз күндері аралығында Иордания астанасы Амманда өтетін құрлық біріншілігіне еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер ұлттық командасы толық құрамда қатысады.