ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Қазақстан чемпионатындағы дау: Ольга Рыпакова баласы бар спортшыға араша түсті

11.07.2025, 18:02

Қонақүй басшылығы спортшыны баласы үшін қонақүйге орналастырудан бас тартқан

Қазақстан чемпионатындағы дау: Ольга Рыпакова баласы бар спортшыға араша түсті
instagram.com/m_yefremova19

Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығының базасында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXIV жазғы чемпионаты өтіп жатыр. Аталмыш чемпионатқа қатысуға келген Азия чемпионы Мария Ефремова екі жасар баласымен бірге қонақүйге кіре алмай қалған. Бұл туралы Tengri Sport жазды.

Мария Ефремова күйеуі Азия чемпионы Давид Ефремовпен және ұлымен бірге чемпионатқа қатысу үшін Олимпиадалық даярлау орталығына келген. Алайда, ОДО басшылығы спортшыны балаға бола қонақүйге орналастырудан бас тартқан.

«Кешкі сағат 22:00-де қолымызда баламыз бар күйде бізді шығарып жіберді. Жарыс өте ауыр стрес жағдайында өтті», – деп мәлімдеді Мария әлеуметтік желіде.

Ол бас тарту себебін ресми түрде түсіндіретін құжат сұрағанымен, еш жауап алмағанын айтты. Сондай-ақ, кейбір қатысушылардың балаларымен орталықта еш кедергісіз тұрып жатқанын атап өтті.

Олимпиадалық даярлау орталығының баспасөз қызметі ішкі регламентке сілтеме жасап, спорттық іс-шараларға тікелей қатысы жоқ тұлғалардың, соның ішінде балалардың орналасуына тыйым салынғанын хабарлады.

«Бұл ережені бұзу қауіпсіздік техникасы тұрғысынан ықтимал қатер тудыруы мүмкін», – делінген ресми жауапта.

Дегенмен, Мария сұраған регламентті ешкім ұсынбаған. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының басшысы әрі Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Мұндай шектеулер туралы алғаш естіп отырмын. Бұл қандай негізде жасалды? Регламент қайда? Ешкім оны ұсына алмады», – деді ол Tengri Sport-қа берген сұхбатында.

Рыпакова әлемде спортшы аналарды қолдауға бағытталған оң үрдіс барын атап өтіп, декреттен кейін спортқа оралған әйелдерді қолдау қажеттігін баса айтты.

«Мен өзім балаларыма қарамастан жаттығу жиындарына қатыстым. Бұрын мұндай кедергілер болған емес. Спортшы аналарды қолдау керек, бұл үлкен еңбек және құрметке лайық», – деді ол.

Рыпакова қызы Анастасияның жеңіл атлетикадан ұлттық құрамаға енгенін айтып, спорттағы сабақтастықты қалыптастыру үшін мұндай спортшыларды қолдау маңызды екенін атап өтті.

«Біз осылайша спортқа деген сүйіспеншілікті қалыптастырамыз. Спортшыларымызды қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дәстүрді сақтауымыз керек», – деп түйіндеді ол.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам