
Жарысқа жүзге жуық ойыншы қатысты
Астанада Comic Con Astana 2025 фестивалі аясында «файтинг» жанрындағы танымал компьютерлік ойын Tekken 8 бойынша халықаралық турнир өтті.
Халықаралық TEKKEN World Tour Dojo сериясына кіретін бұл турнир киберспорт әлемінде маңызды ойындардың бірі саналады. Себебі, сайыстың жеңімпаздары рейтингтік ұпайлар алып, бір жыл бойы жалғасатын маусым қорытындысы бойынша өз аймағын әлемдік финал – TEKKEN World Tour Finals турнирінде таныстыра алады.
Орталық Азиядағы киберспорттың басты оқиғаларының бірегейі TEKKEN World Tour 2025 ресми кезеңінде 90-нан астам мықты ойыншы әлемдік финалға жолдама мен 400 000 теңге жүлде қоры үшін бақ сынасты.
Алайда, Double Elimination форматында өтіп жатқан бұл сайыста жүлделер мен сыйлықтар көбіне ұйымдастырушылардың шешімімен анықталады, өйткені негізгі екпін рейтинг ұпайларына қойылатынын айта кеткен жөн.
Турнирдің ақтық сайысына Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мен Арменияның киберспорттық құрамалары жолдама алып, I орынды Гарик LMG MoB Галоян, II орынды Чингиз DChingiz Дәулетқали, III орынды Вячеслав 7.62x39 Новиков, IV орынды Аян Disciple Валеев иеленді. Бұдан бөлек үздік сегіздікке арнайы сыйлықтар табысталды.
TEKKEN 8 ойыны бойынша турнирдің бас ұйымдастырушысы, Әлімжан Fazbir Кушербаев:
«Мұндай турнирді ұйымдастыру – BANDAI NAMCO компаниясының, яғни ойынды жасаушылардың ережелерін сақтау арқылы жүзеге асады. Бұл қатысушылардың бет-бейнесі көрсетілетін тікелей трансляция, ресми жарнама мен дұрыс турнирлік торды қамтамасыз ету деген сөз. Қатысу үшін тіркеліп, өткізілетін орынға келу жеткілікті. Қатысу деңгейіне шектеу жоқ – әлемдік жұлдыздар да, ойнауды жаңадан бастағандар да қатыса алады. Турнирдің бас ұйымдастырушысы Qazaqstan Tekken Fighters (QTF) қауымдастығы. Біздің атымыздан өзге қалаларда – ресми де, фанаттық та бірқатар турнирлер өтіп тұрады. Осымен ойындар тоқтап қалмайды, болашаққа жоспар көп. Мәселен, енді алдағы уақытта біз тағы бірнеше Dojo-турнир өткізуді және әлемдік файтинг жұлдыздарын Қазақстанға шақыруды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз киберспортты Қазақстанда да өзге елдердегідей белсенді дамыту. Сол үшін де Халықаралық турнирді ұйымдастыру барысында Comic Con Astana 2025 фестивалінің Otaku Zone аймағындағы арнайы стендке алты ойын станциясын орнаттық. Мұнда турнир өткен күндері кез келген фестиваль қонағы тегін ойындар ойнап, киберспорт туралы мәлімет алды», - деп, болашақта CS2, Dota 2, PUBG Mobile ойындары сынды TEKKEN-нің де танымалдығы тек көрермендер мен серіктестер үшін ғана емес, киберспортпен таныс емес адамдар үшін де артатынына сенім білдірді.
XXI ғасырда Киберспорт – тек ойын емес, бұл жаңа дәуірдің спорты. Жеңіс тек шапшандыққа емес, шыдамдылық пен жанкешті еңбекпен тікелей байланысты. Қазақстанның да осы сахнада өз орны бар – енді оны дәлелдейтін уақыт келді.
Келешекте киберспорт жастардың арманына жол ашатын, ел мақтанышына айналатын бағыт боларына сенеміз.
Айта кетерлігі, 2019 жылы негізі қаланған Comic Con Astana аз уақыт ішінде Орталық Азиядағы ең ірі гик және поп-мәдениет фестиваліне айналып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер мен жасампаз тұлғаларды бір алаңда тоғыстырды. Биыл фестивальге 10 000-нан астам шетелдік қонақ қатысып, олардың келу географиясы 36 елді қамтыды.
Жаңартылған мәліметтерге сәйкес, Comic Con Astana фестиваліне 75 000-нан астам бірегей келуші тіркеліп, жалпы қатысулар саны 120 000-нан асты. Ал алдын ала бағалау бойынша, Comic Con Astana 2025 фестивалінің жалпы медиалық қамтуы 200 миллион адамнан асты.
Comic Con Astana – бұл аймақтағы тек ең ірі гик-фестиваль ғана емес, сонымен қатар туризм мен қалалық бизнесті дамыту құралы, қазіргі жастар мәдениетін кең аудиторияға танытудың тәсілі, әрі әртүрлі ұрпақтарды біріктіретін көпірге айналып отыр.