
«Жаңа Өзбекстанның Олимпиада шыңдары» байқауы іске қосылған
Өзбекстан 2028 жылғы Олимпиадаға дайындықты қазірден бастап кетті. Сондықтан өзбек саңлақтары Лос-Андежелесте те атой салып жатса, таңғалудың қажеті жоқ.
Дегенмен өзбекстандық шенеуніктер бұл даярлық бір олимпиадалық циклмен шектелмейтінін, ондаған жылға арналған кешенді жұмыс екенін аңғартты. Осы мақсатта көрші ел талантты спортшыларды төменгі деңгейден бастап іріктеуге арналған үш кезеңнен тұратын «Жаңа Өзбекстанның Олимпиада шыңдары» байқауы іске қосылғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек өңір әкімдіктері Олимпиадалық қозғалысты дамыту жөніндегі президенттің арнайы өкілдері болып тағайындалады.
Жуырда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық бойынша ұсыныстармен танысты.
Бұған дейін 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін XXXIV жазғы Олимпиада және XVIII Паралимпиада ойындарына дайындық туралы жарлық жобасы әзірленген болатын. Онда 10 басым міндет айқындалған, соның ішінде:
• Дамыған, келешегі зор және енді дамып келе жатқан спорт түрлеріне сараланған көзқараспен қарай отырып, оларды жүйелі түрде дамыту;
• Жоғары нәтижелер көрсететін спорт түрлерінің географиясын кеңейту;
• Талантты жастарды ең төменгі деңгейден бастап ашық әрі әділ түрде іріктеу;
• Халықаралық тәжірибе негізінде ұлттық дайындық әдістемесін жасау;
• Ұлттық құрама командаларға нақты мақсат пен нәтижеге бағытталған оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, материалдық-техникалық базаны нығайту;
• Халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту және басқа да шаралар қамтылған.
Сондай-ақ Олимпиада және Паралимпиада ойындарына спортшыларды даярлауға арналған арнайы бағдарлама мен нысаналы көрсеткіштер әзірленуде.
Gazeta.uz басылымының мәліметінше, мәселені жүйелі түрде ұйымдастыру мақсатында Ұлттық олимпиада комитетінің құрамында 14 аймақтық бөлімше құрылады. Ал әрбір өңірге Спорт министрлігі мен Олимпиада комитетінің жауапты өкілдері бекітіледі.
«Басты мақсат – тек бір Олимпиадаға дайындалу емес, тұрақты әрі ұзақ мерзімді жүйе қалыптастыру», – делінген хабарламада.
«Жаңа Өзбекстанның Олимпиада шыңдары» атты үш кезеңдік байқаудың финалдық кезеңі жыл сайын «Президенттік Олимпиада» деп аталатын Олимпиада қалашығында өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Олимпиада даярлық орталықтарына оқуға қабылданады.
Республикалық Олимпиада және Паралимпиада орталығының жұмысы ұлттық құрамалардың резервін қалыптастыруға бағытталады. 2026 жылдан бастап бұл орталық республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ол 8-11 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттеріне арналған мектеп әрі колледж ретінде жұмыс істейді.
Орталықтың қабылдау квотасы кеңейтіледі. 1-2 курс студенттеріне Спорт министрлігінің шәкіртақысы беріледі. Орталық тәрбиеленушілері Олимпиада қалашығындағы спорт нысандарында тегін жаттығады.
Атлеттер резервін кеңейту мақсатында жеке спорт клубтарының жұмысы жетілдіріледі. Олар ресми жарыстарға қатысу құқығына ие болады. Жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар ұлттық құрамаларға қосылу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар спортшылар мен бапкерлерді ынталандырудың түрлі тәсілдері қарастырылған. Атап айтқанда, беделді жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері әскери жоғары оқу орындарына емтихансыз қабылданады. Ал спортшыларды бастапқы кезеңде тәрбиелеген жаттықтырушыларға арнайы үстемақылар төленеді.
Президент Шавкат Мирзиёев спорт федерацияларының тиімді жұмысын ұйымдастыру, өңірлік инфрақұрылымды дамыту, спортшылар мен жаттықтырушыларды жан-жақты қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді.