Жаңа олимпиадалық медальдар екі жарты бөліктен тұрады
Милан-Кортина-2026 ұйымдастыру комитеті алдағы Олимпиада және Паралимпиада қысқы ойындарының медальдарын ресми түрде таныстырды. Презентация Венето аймағының астанасы Венеция қаласында өтті.
Жаңа олимпиадалық медальдар екі жарты бөліктен тұрады. Олар спортшының мансап жолын және осы жолда жанынан табылған адамдардың үлесін бейнелейді.
Белгілі болғандай, бұл марапаттар Италияның Мемлекеттік теңге сарайы мен баспа институты (IPZS) тарапынан қайта өңделген металдан әзірленеді. Құймалар жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтін индукциялық пештерде дайындалып, қаптамасы пластикті барынша аз қолдана отырып, FSC сертификатталған экологиялық таза материалдардан жасалмақ.
«Біз Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына арнап дайындаған медальдар италиялық дизайнның шеберлігі мен кемелдігін айқын көрсетеді. Әр медаль — қолөнер мен инновацияның тоғысынан туған бірегей туынды», - деді Италия мемлекеттік теңге сарайы мен баспа институтының президенті Паоло Перроне.
Медаль дизайны эмоция мен командалық рухты айшықтап, Милан мен Кортина қалаларының арасындағы бірлікті ғана емес, жеңіс пен оған жету жолындағы күш-жігердің терең мәнін де жеткізеді. Екі бөліктен құралған медальдарды Олимпиада және Паралимпиада құндылықтары біріктіреді. Бұл — спорттық жолдың қорытындысы және сол жолда әрдайым жанынан табылғандардың еңбегіне деген құрмет.
Айта кетейік, Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында өтеді. Барлығы 245 медаль жиынтығы сарапқа салынады.