
Өз басым бұл шығарманы билеу үшін жазбағанмын
Көркем гимнастика жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева мен композитор Бауыржан Ақтай арасында авторлық құқыққа байланысты дау шықты.
Рио-де-Жанейрода өткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар Sarmad этно-тобының әуенімен өнер көрсеткен. Алайда сол туындының авторы Ақтай бұған рұқсат бермегенін айтып, әлеуметтік желіде жаттықтырушыға ашық үндеу жасады. Оның сөзінше, бұл әуен биге арналмаған.
«Мен осы музыканың авторымын, есімім – Бауыржан. Мен әнді сіздерге пайдалануға рұқсат берген жоқпын. Сіздер менің шығармамды рұқсатсыз пайдаландыңыздар. Менің музыкамнан басқасы да толып жатыр емес пе? Рұқсатын алып, соларды пайдалансаңыз болады. Өз басым бұл шығарманы билеу үшін жазбағанмын», – деп жазды композитор.
Балғынбаева өз кезегінде бұл әуенді қазақ өнерін әлемге таныту үшін ғана таңдағанын алға тартты. Бапкер туындыны өзгертетінін айтқанымен, композитордың бұлай шүйлігуінің себебін түсінбеген көрінеді.
«22 жылдық тәжірибемде алғаш рет осындай жайтқа тап болдым. Бірақ бұл енді отандық шығармаларды қолданбаймын деген сөз емес, тек басқа орындаушыларды таңдаймын», – деді ол.
Ал Бауыржан Ақтай кез келген бапкер немесе хореограф музыка қолданбас бұрын міндетті түрде автордан немесе оның мұрагерлерінен келісім алуы керектігін еске салды. Оның айтуынша, гимнастика мен би қойылымдарына өз шығармаларын пайдалануға қарсы.
«Мен атақ не пайда іздеп отырған жоқпын. Маған авторлық құқықтың сақталуы және мәдениетті қарым-қатынас маңызды», – деп түйіндеді композитор.