
Турнирдің жүлде қоры 3,6 миллион долларды құрайды
Дубайда өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (№7) америкалық София Кенинді (№56) оңай жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Матч 1 сағат 27 минутқа созылды. Алғашқы сетте Рыбакина қарсыласын еш қиындықсыз небәрі жарты сағатта жеңсе, екінші сет тай-брейкке ұласып, отандасымыз жеңісті уыстан шығарған жоқ. Қорытынды есеп – 6:2, 7:6 (7:2).
Матч барысында Рыбакина 17 рет эйс жасаған. Сондай-ақ, үш дабл-фол тіркелді. Кенин болса бірде-бір рет эйс жасай алмай, небәрі бір рет өрескел қателік жіберді.
Айта кету керек, София Кенин 2020 жылы Australian Open турнирінің чемпионы болған.
Енді жартылай финалда отандасымыз ресейлік Мирра Андреевамен (№14) кортқа шығады. Қос теннисші бұған дейін екі рет кездесіп, бірінде Рыбакина жеңсе, екіншісінде ресейліктің мерейі үстем болған.
Айта кету керек, Мирра Андреева ширек финалда әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентекті (Польша) жеңді.