
Джокович әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Янник Синнерге жол берді
38 жастағы сербиялық теннис жұлдызы Новак Джокович алдағы жоспарлары жайлы ашық айтты.
Уимблдон турнирінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында ол:
«Бұл Орталық корттағы соңғы матчым деп ойламаймын. Әзірге Уимблдондағы мансабымды аяқтағым келмейді. Кем дегенде тағы бір рет қайтып келуді көздеп отырмын», — деді.
Алайда 11 шілде күні өткен жартылай финалда Джокович әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Янник Синнерге үш сетте (6:3, 6:3, 6:4) жол берді. Осылайша, жеті мәрте Уимблдон чемпионы биылғы финалға жете алмай қалды.
Новак — «Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 мәрте жеңімпазы, Олимпиада чемпионы және қола жүлдегері. Дегенмен соңғы жылдары жас теннисшілермен бәсекелесу қиындап бара жатқандай. Тіпті биылғы Ролан Гарроста да оның жолын дәл сол Синнер кесті.
Қызығы, Джокович Уимблдонда алғаш рет топ жарғанда Синнер небәрі он жаста болатын. Ал енді сол Синнер серб спортшысын қатарынан бес матчта жеңген теннис тарихындағы екінші адам атанды. Мұндай рекордты бұған дейін тек Рафаэль Надаль орнатқан.
Сонымен қатар Синнер Джоковичке қарсы тоғыз сет қатарынан үстем түсіп, Роджер Федерердің жетістігін жаңартты. Швейцариялық аңыз 2006-2007 жылдары Джоковичтен сегіз сет қатарынан басым болған еді.
Лондон кортында тағы бір арманы үзілгенімен, Джоковичтің қайсар мінезі әлі де күшінде. Ол Уимблдонға кем дегенде бір рет қайтып келуді жоспарлап отыр.
Ал Синнер үшін бұл Уимблдондағы алғашқы финал болмақ. Ол «Үлкен дулыға» турнирлерінде қатарынан төртінші рет шешуші матчқа шығып отыр. Финалда оның басты қарсыласы — испаниялық Карлос Алькарас. Джоковичтің айтуынша, Алькарас фаворит саналғанымен, Синнердің де деңгейі одан кем емес.