ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Синнер Алькарасты жеңіп, екінші рет ATP турнирінің чемпионы атанды

17.11.2025, 12:09

Синнер биылғы маусымдағы алтыншы жүлдесін иеленді

Синнер Алькарасты жеңіп, екінші рет ATP турнирінің чемпионы атанды
MARCO BERTORELLO/AFP via Getty Images

Италиялық теннисші, әлемнің 2-ракеткасы Янник Синнер ерекше тарихи межені бағындырды. Ол бірде-бір сетте ұтылмай, қатарынан екі жыл ATP қорытынды турнирін жеңіп алған алғашқы ойыншы атанды.

Туринде өткен биылғы финалда Синнер әлемнің 1-ракеткасы Карлос Алькарасқа еш мүмкіндік бермей, 7:6 (7:4), 7:5 есебімен басым түсті. Бұған дейін, 2024 жылы да, ол ATP қорытынды сайысында топ жарып, шешуші ойында америкалық Тейлор Фрицті жеңген еді.

Осы жеңістен кейін Синнер өзінің кәсіби мансабындағы 24-інші титулын, ал биылғы маусымдағы алтыншы жүлдесін иеленді. Бұған дейін ол Париж, Бейжің, Вена турнирлерінде, сондай-ақ Уимблдон мен Аустралия ашық чемпионатында топ жарған.

Италиялық ойыншы соңғы жылдағы аса жоғары тұрақтылығымен де көзге түсіп отыр: үздік ондықтағы қарсыластарын 59 рет ұтып, соңғы 78 матчтың 71-інде жеңіске жеткен.

Туринде барлық кездесуде жеңілмеген Синнер турнир қорытындысы бойынша 5 млн 71 мың доллар табыс тапты. Оның биылғы маусымдағы жалпы жүлде қоры 19,12 млн долларға жетті.

Айта кетейік, WTA финалында осындай көрсеткішке Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да қол жеткізген болатын. Ол Эр-Риядтағы қорытынды додада барлық бес қарсыласын ұтып, 5 млн 235 мың доллармен әйелдер теннисіндегі рекордтық табыс тіркеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам