
Тыва балуанын Қазақстанның күрес федерациясы 2024 жылы алдыртқан болатын
Еркін күрестен Қазақстан құрамасына Ресейден әкелген легионер Азия чемпионатында жүлдесіз қалды. 70 келіде белдескен Начын Куулар қола жүлде үшін күресте жеңіліп, бапкерлер үмітін ақтай алмады.
Иордания астанасы Амманда күрес түрлерінен өтіп жатқан құрлық чемпионатында бүгін белдесуге шыққан ресейлік легионер алғашқы айналымда ұтылған еді. Алайда, қарсыласының финалға шығуына байланысты ол жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алып, қола медаль үшін сынға түскен. Начын Куулар әлем чемпионатының күміс жүлдегері жапон Иошинасу Аояги белдесуде 8:0 есебімен ойсырай ұтылды.
Жапон балуаны өткен жылы Тиранада өткен әлем чемпионатының финалында қазақстандық Нұрқожа Қайпановтан жеңілген болатын.
Азия чемпионатында бүгін Қазақстан құрамасынан Рахат Қалжан қола жүлде иеленді. Енді 79 келіде Дәулет Ергеш үшінші орын үшін белдесуге шығатын болса, 97 келіде Ризабек Айтмұқан финалда жапон спортшысымен кездеседі.