
Ол жапон балуанына қарсы ешқандай әдіс-тәсіл ойлап таба алмады
Иорданияда күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Ризабек Айтмұқан күміс жүлдегер атанды.
Отандасымыз еркін күрестен 97 келінің финалдық бәсекесінде жапон Араш Йошидадан 7:1 есебімен жеңілді. Белдесу тартысты өтті деуге келмейді, жапон балуаны қазақ қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетіп, оның әдіс жасауына еш мүмкіндік берген жоқ. Бірінші кезең нәтижесінде Йошида 3:0 есебімен алға шықса, екінші кезеңде ол тағы төрт ұпай еншіледі. Ризабек болса соңғы минутта ғана бір ұпайға қол жеткізіп, белдесуді жеңіліспен аяқтады.
Айта кететін жайт, отандасымыз осымен үшінші жыл қатарынан Азия чемпионатында күміс жүлде иеленіп отыр. Ол 2023 жылы 92 келіде өнер көрсетіп, дәл осы Йошидадан финалда жеңілген еді. Ал, өткен жылы Бішкекте 97 келіде Ахмед Тажудиновке 4:2 есебімен есе жіберді.
Ризабек Айтмұқан – Қазақстан тарихында еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы балуан.