"Арсенал" графигі қиын. Клопп үшін жан пида! "Сити" чемпион емес

02.04.2024, 17:25

Францияда кім чемпион болатынын менің итім мен мысығым да біледі. Қандай ішпыстырарлық чемпионат еді.

1bol.kz

"Интер" де Италиядағы интриганы ерте өлтірді. Нерадзурри шамамен 34-турда А серия тарихында 20-шы мәрте чемпион атанып, күндес көршісі "Миланды" бір сатыға басып озбақ.

Испанияда енді ешкім "Реалды" қуып жете алмайтын сияқты. Әттең Хави "Барсаленодан" кететінін сәл ертерек айтқанда, чемпиондық тағдыры эль-классикода шешілер ме еді...

Ең қызығы, биыл бундеслигада жаңа чемпион шығады. Бундеслига тәжін ешқашан басына киіп көрмеген "Байер" биыл тек Германияны емес, күллі Еуропаны аузына қаратты. Леверкузендіктер 2004 жылғы лондондық "Арсеналдың" нәтижесін қайталап, маусым бойы бірде-бір матчта жеңілмей чемпион атануы мүмкін.

Айналайын, Англиям-ай! Интрига өлмеген ТОП-5 чемпионат ішіндегі жалғызым. Биыл бір емес, үш бірдей команда чемпиондыққа таласып жатыр. 

Кеше Англия чемпионатының 30-туры өтті. "Ливерпуль" камбэк жасап, өз алаңында "Брайтонды" тізерлетті. Ал, чемпиондыққа таласатын "Манчестер Сити" өз алаңында "Арсенал" клубын қабылдап, есеп 0-0 есебімен тең аяқталды. 

Әрине, "Сити" тәжірибелі команда, чемпиондық менталитет бар. Бірақ сол менталитетті "Арсеналға" қарсы матчта да, жалпы осы маусымда да көп көре алмай келеміз. Былтырғы "Ситидің" даңқы мен елесі ғана кезіп жүр. Енді соған бірнеше дәлел келтірейік. 

Былтыр 35 матч ойнап 36 гол салған Эрлинг Холанд биыл 24 матчта 18 голмен шектеліп қалды. Асауға тұсау табылды. Ағылшын клубтары Холандты қалай тұсау керегін тапты. Бұрын ТОП-матчтарда көрінбей қалатын Асау сарыға қазір "Астон Вилла" қақпасына гол салудың өзі мұңға айналды. 

Кевин де Брюйне ұзаққа созылған жарақынан кейін жарқырап ойнай бастаған еді. Кейінгі кезде оның да ойыны сұйыла бастады. Ал, Кевиннің қанатын жайып ойнай алмауы Холандқа да тікелей әсер етеді. Қысқасы, екі сарының тандемі былтырғыдай емес. 

"Сити" сапында былтырғы маусыммен салыстырғанда көп футболшыда прогресс байқалмайды. Фил Фоден ғана биыл ТОП деңгейге шықты. Рияд Марез кеткелі оң қапталдағы шабуылда стагнация. Жереми Доку мен Джек Грилиш арасында бәсеке күшейіп, сол қаптал сұрапыл қауіпті бола ма деп едік. Қазір Докудың да алғаш келгендегі арыны басылып, Рахим Стерлингтің арзан көшірмесіне айналғандай. Ал Джек Грилиш болса былтырғы тарихи треблдан кейін әлі бас жазып жүргендей.

"Сити" командасының былтырғы маусыммен салыстырғанда әлсіздеу ойнап жатқанына мына сөздеріміз де дәлел бола алады. Тікелей қарсыласы – "Ливерпуль" командасымен үйде де, түзде де тең ойнады. "Арсенал" алаңында жеңіліп, өз алаңында канонирлермен тең ойнады. "Астон Вилладан" жеңіліп, "Тоттенхэммен" тең ойнады. Әрине, біз бұл жерде осы маусымда АПЛ үздік бестігіне қарсы ойынын сөз қылып отырмыз. Әлі сырт алаңда "Тоттенхэммен", өз алаңында "Астон Вилламен" ойнайтынын ескерейік.

"Ливерпуль" ше? Мерсисайдтықтар бұл маусымды трофеймен бастады. Англия лигасы кубогын жеңіп алды. Бірақ Англия кубогынан шығып қалды. Енді қалғаны – Еуропа лигасы мен АПЛ. 

Юрген Клопп жазда "Ливерпуль" бас бапкері қызметінен кететінін айтқан соң команданың ойыны біршама түзеле бастады. Салах, Нуньес, Арнольд, Робертсон, Алиссон, Жота, Матип, Диас секілді ойыншылары кезек-кезек жарақат алса да, "Ливерпуль" барын салып келеді. Тек "Арсеналдан" жеңілгені болмаса, АПЛ-де ұпай жоғалтпауға тырысып келеді. 

"Ливерпуль" ойыншыларында қазір бір ғана мотивация бар – Юрген Клоппты абыроймен шығарып салу. Еуропа лигасы туралы қазір тап басып айту қиын, ал АПЛ аясындағы соңғы матч 19 мамырда өтеді. Ливерпуль – Вулверхэмптон арасында өтетін қоштасу матчына билет қалған жоқ. Бәрі Клоппты шығарып салғысы келеді және қоштасу матчында неміс маманының тағы бір АПЛ кубогын көтергенін қалайды. Егер "Ливерпуль" биыл Англия чемпионы атанатын болса, 20 мәрте АПЛ алған "Манчестер Юнайтедті" қуып жетеді. Сондай-ақ Англияның ең үздік командасы деген мәртебеге кәміл ие болады. Алда тағдыршешті 9 матч қалды. Бірі – сырт алаңда ата жауы "Манчестер Юнайтедпен", бірі – өз үйінде "Тоттенхэмге" қарсы матч. Қалған матчтар да маңызды, бірақ ішінде ең қауіптісі осы екеуі болуы мүмкін. 

Арсенал ше? Лондондық команданың Ағылшын премьер-лигасын жеңбегеніне тура 20 жыл толыпты. "Арсенал" былтыр да "Ситимен" бәсекелесіп, соңғы турларда сүрінген еді. 

"Арсенал" үшін желтоқсан айы өте қиын болды. 2023 жылдың соңғы айында "Астон Вилла", "Вест Хэм" және "Фулхэм" сияқты командалардан жеңілді. Әйтпесе, қазір басты чемпиондыққа басты фаворит лондондықтар болушы еді. 

Канонирлер 2024 жылды өте керемет өткізіп жатыр. Былтыр маусымды керемет бастап, ортасынан ауғанда дағдарысқа ұшыраса, биыл бәрі керісінше болып жатыр. 2024 жыл басталғалы АПЛ аясында 8 матчта жеңіп, 1 матчта тең ойнады. Чемпиондар лигасының ширек финалына шықты. Бұдан артық не керек? Әрине трофей керек?

"Арсенал" дәл қазір гол салу жағынан да, голды аз жіберу тұрғысынан да ілгері келе жатыр. 70 гол салған, ал қақпасына небәрі 24 гол жіберген.