Қазақ боксы ешкімнің жекесі емес дейді ол
Мені Астанада өтетін бокс бәсекесіне кіргізбейтін болды. Осындай хабарды алып, ішім ашып отыр. Әйтпесе, камерамды сайлап, тас-түйін дайын отыр ем. Мен болғанда, мен «Хабар» Агенттігінде қызмет етемін. Сәйкесінше, Қазақстан бокс федерациясы «Хабар» Агенттігіне есікті тарс жапты.
Бізді неге жау көретінін түсінбеймін. Отандық спорттағы былық пен шылықты бетіне шығарып, барынша обьективті ақпарат таратуға тырысамыз. Осы іріктеудің де өтуіне, сөздің шыны керек, біз түрткі болдық. Әлеуметтік желі арқылы және мемлекеттік арна арқылы қанша ақпарат берілді. Сұхбаттар жаздық. Жарыс максималды әділ өтуіне және бұрмалаушылық болмауына да араласып, бірнеше үндеу тастадық. Ал, енді сол жарысқа өзімізді кіргізбейді.
Естеріңе сала кетейін, қазақ боксы ешкімнің жеке меншігі емес. Қазіргі президентінің де, оның орынбасарларының да, не оның бер жағында жапқылап, бізді қақпайлап жүргендердің де атасынан қалған жоқ. Бұл – бүкіл қазақ еліне ортақ спорт. Сәйкесінше, бүкіл қазақ еліне ашық болуы қажет. «Қазспорт» арқылы көрсетілетіні жақсы, әрине. Оны да біз ғой талап еткен. Теледидардың арғы жағындағы адам шаршы алаңды ғана көреді. Ал, енді оның айналасында қандай «тірліктер» болып жатқанын білмейміз. Ол соншалық құпия ма? Неге сонша жабықсыздар? Неге біз боксшылардан және бапкерлерден сұхбат жаза алмаймыз? Неге бокс бәсекесі жариялы ұйымдастырылмайды? Бүкіл әлем солай жасайды. Неге бізде ғана керісінше?
Айтпақшы, Қазақстан бокс федерациясы ақшаны да мемлекеттен алады. Қаржы көлемі өте үлкен. Сол халықтың аузынан жырып алынған миллиарттарға жабық жарыс жасап жатсыздар. Сәйкесінше, сұрақ та көбейді. Мүмкін, «Қазақстан бокс федерациясы» деген жеке мемлекет құрып алып, бөлек өмір сүресіздер. Онсыз да бөлініп-жарылу жетпей жатыр еді. Сондай кезде ашуды одан сайын қозыдырдыңдар. Токио олимпиадасының алында да осылай болған. Бәрі жасырын, бәрі жабық. И одан нәтиже де шыққан жоқ. Қателіктен сабақ алмадыңдар. Біз жақын болашақта адам болмаймыз...