«Қазақтар жүзбеген аумақты бағындырғым келді»: Гибралтарды жүзіп өткен ақтаулық жігіттің әңгімесі

Редактор
10.11.2023, 15:28

Қазір ол Сауд Арабиясында тұрады

кейіпкердің жеке архивінен

Ақтаулық Құрал Жоламан қазақстандықтар арасында Гибралтар бұғазын жүзіп өткен алғашқы адам. Ол 32 жасында Еуропа пен Африка арасындағы 18 шақырым аумақты алты сағатта бағындырған әуесқой спортшы.

1990 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген Құрал Жоламан Алматыдағы КИМЭП-тің түлегі. Студент шағында тәжірибе алмасу бойынша Канадада бір жыл білім алған. Жастайынан спортпен айналыспаған ол жүзуге деген әуестігі тек 2016 жылы пайда болғанын айтады. 

«2016 жылдың соңында әріптесім Дубайдағы «PwC» компаниясына жұмысқа ауысуға мүмкіндік бар екенін айтты. Әңгімелесуден кейін мені сол жаққа шақырды. 2017 жылдың қаңтар айында Дубайға келіп, жаңа жұмысқа кірістім. Жұмыс қиын болды дей алмаймын. Себебі, бос уақытымда өзге де нәрсемен айналысу керек болды. Осы орайда жүгіру және жүзуді таңдадым. Бұл ретте болашақта жарысқа қатысу туралы мақсатым болған емес. Сол жылдың қараша айында топпен бірге жүзуді үйрендім. Бастапқыда 500 метрге жүздім. Өзіме бұл спорттың ұнайтынын байқадым. Ай сайын қашықтықты ұзарта бердім. Арада бір ай өткенде жүзуден бағындырған кезең 1 км жетті. 2018 шілде айында Стамбулда Азиядан Еуропаға жүзу жарысы болды. Сол жолы Босфор бұғазының 6,5 шақырымын жүзіп өтуге дайындалдым. 2018 жаз айында Босфордағы сынға қатысып, үлкен мақсат пайда бола бастады», - дейді Құрал Жоламан. 

Ол жүзуде қазақстандықтар қатыспаған аумақта жүзуге бел буған. Осы ретте Гибралтар бұғазын жүзіп өткен қазақтар бұрын-сонды болмағанын біледі.

«Қазақтар болмаған жерде жүземін деп шештім. Соның бірі Гибралтар бұғазы болатын. Алғашқы жоспарым 2020 жылы болғанымен, пандемияға байланысты ол ойым екі жылға кейін шегерілді. Ол да жүзетін адамға оңай емес. Бассейнге қаншама шақырым жүземіз. Гибралтарда тек өткен жылдың жаз айында жүзуге рұқсат берілді. Ұйымдастырушылар «Жоспарыңыз болса, қатысуға уақыт бар» деді. Қуана келістім. 4 ай қарқынды дайындалып, апта сайын 20-30 шақырым жүзе бастадық. Үлкен дистанцияны жүзу үшін физикалық  дайын болу керек. Тіпті, демалыс күндері таңғы сағат 4-те тұрып жүзіп жүрдім», - дейді ол. 

«Ментальды түрде дайындалдым. Баяу жүздім. Дайындық арасында «мен не істеп жүрмін» деген ойлар да туындағаны рас. «Басқа жұмыспен неге айналыспаймын» деп те ойладым. Мұндайда адамды басқа негатив ойлар мазаламауы керек. Ой туса да жақсы ойлауға тырысу керек екен. Қыркүйек айының соңында біз Испанияға бардық. Қасымда түбі марокколық 3 досым болды. Су деген салқын. Температурасы 15-20 болады деген. Ол суға дайндалу үшін бөлек  жаттығу жасау керек болды. 0 градус суда 5 минуттан бастап отырып, оған үйрендім. Біртіндеп 30-40 минутқа дейін көтердім. Салқын суда жүзу тіпті қиын. Гидрокостюм кисем де болар еді. Онда салқынды сезбейсің. Гибралтарды жүзуде гидрокостюмсіз жүзетіндер және киетіндер бар. Ал мен кимей жүзіп өттім. Бұл нәтижесі жорғары болып саналады», - дейді Құрал Жоламан. 

Оларға қос құрлық арасындағы бұғазды жүзіп өтуге барлығы 10 күн берілген. Шарт бойынша бір күнді таңдау керек. Алайда, ауа райына байланысты Гибралтарды бағындырудың орайы арада бір апта өткенде ғана келген.  

«Бізге бекітілген 10 күн болды. Ауа райына байланысты судың, желдің бағыты мөлшерлемеден артық болса рұқсат етілмейді. Себебі, жел мұхитқа әлде Жерорта теңізіне алып кетуі мүмкін. Жүзіп бара жатып, аяқтай алмай қалған, мүлдем жүзе алмағандар болды. Біз берілген уақыт бойынша тек 7-ші күні жүздік. Аздап қорқыныш болды. Себебі басқаларды бақылаушылар тоқтатып жатты. Қайта дайындалуы керек пе деген ой туды. Қыркүйек айының 30 күні күн қолайлы болды. Біз достарымызбен ақылдаса келе, мүмкідік барда жүзейік деп, тәуекел еттік. Әлі есімде, жұма күні түскі сағат 13:30-да жүзуге кірістік. Кешкі 6 жарымға дейін жүзуге кеттік. Өйткені, күн батқанда бізді тоқтататын еді. Бізде минималды мүмкіндік болғандықтан толқын және судың бағыты кедергі келтіре берді. 1 сағат сайын тамақтануға тоқтаған сайын Жерорта теңізіне қарай алып кете берді. Тоқтаған сайын 200-250 метрге дейін ығыстырып отырды», - дейді ақтаулық Жоламан. 

Төрт жарым сағатқа жоспарланған аламан арада алты сағат өткенде ғана аяқталған.

«4,5 жарым сағатта бітіреміз деп ойлағанымызбен, біздің жоспар сәл кеш аяқталды. Келесі аялдама құрлықта боламыз деп айтса да 40-50 минут өткенде бір орында тұрған сияқты болдық. Толқын мен желдің бағыты көтерілген де жүзуіміз бәсеңдей түсті. Межеміз 5 сағат 58 минутта аяқталды. Испанияның Тарифа деген қалашығынан Марокконың құрлығына жеттік. Алайда, ойлаған жерден сәл басқа жерге келіп жеттік. Себебі, біздің толқын ығыстырып алып кетіп, Марокконың басқа нүктесіне жеттік. Жақындарымнан сол уақытта қасымда тек бапкерім болды. Ал туыстарымнан ешкім келмеді. Межелі қашықтықты бағындырған соң 1 апта бойы денем қызып жүрді. Себебі, біз жүзгенде судың жылуы 17 градус болған еді. Ал су ортасында сәл жылығандай болды. Ол бізге жаға түскенімен, құрлыққа жақындағанда қайтадан салқындай түсті», - дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, бұғазда түрлі жыртқыш жәндіктер болатыны алдын ала ескертілген. Мәселен, кит, акула секілді теңіздің алыптары бұл жерде жиі кездеседі екен.

«Бізге алдын ала акула, делфин болатыны ескертілді. Су ортасына жеткенде 20-30 метр тереңдікте алып қара мақұлықты көзім шалып қалды. Өздеріңіз тиіспесеңіздер сіздерге де тиіспейді деп айтқан соң аса мән бермедім. Оны ойламау үшін басымды басқа жаққа бұрдым. Санама кіріп алса, судан шығып кетуім мүмкін еді. Оны ірі кит болуы мүмкін деп ойлаймын» - дейді Құрал Жоламан. 

Үлкен межені бағындырған ол қазір аптасына 2-3 рет бассейнде жүзетінін айтады. Биылғы ақпан айынан бері Сауд Арабиясында «Болашақтың қаласы» аталатын ірі жобада орталық стратегиялық қаржы департаменінің маманы болып еңбек етеді. 

«Сауд Арабиясында үлкен жоба басталғанда «келгің келсе ұсыныс бер» деді. Резюмемді дайындап жіберген соң, бірнеше кездесудегі әңгімеден кейін ақпан айында шақырту алдым. Ұзын қаланың аты Неом деп аталады. Елдің солтсүтік-батыс бөлігінде бөлек экономикалық аумақ болмақ. Өзінің заңдары мен үкіметі құрылады. Мен бұл жерде орталық стратегиялық қаржы департаменінің маманы болып еңбек етіп жатырмын», - дейді әуесқой спортшы.