Елдос Сметов жеңе алмаған даңқты жапон дзюдошысы өзінің дәуірі аяқталғанын мәлімдеді

Редактор
05.12.2023, 22:40

Екі балуан 5 рет күресіп, Сметов бәрінде жеңілген

Фото ашық дереккөзден

Токио Гранд слэмінің финалында өзінің отандасы Рюджи Нагаямаға есе жіберген жапон дзюдошысы Наохиса Такато сұхбат берді. Ол өзінің мансабында үшінші Олимпиадаға бару мүмкіндігін мүлт жіберіп алған болатын. Енді Парижде 60 келіде Рюджи Нагаяма күреседі.

«Менің дәуірім осымен тәмам. Ендігі кезекте Нагаяманың Париж олимпиадасының чемпионы болғанын қалаймын. Ол осы жолда ұзақ уақыт тер төгіп, лайықты түрде өз мүмкіндігіне қол жеткізді. Біз бір-бірімізбен өзімізді үнемі салыстырып келдік. Енді мен жеңілдікті сезініп тұрмын. Соңына келгенде мен бұл ойдан ендігі жерде азатпын», - деді Такато.

Сонымен бірге, ол осыған дейінгі жүріп өткен жолына шолу жасады.

Мен осыған дейін ұтуы тиіс барлық жарыста жеңіске жеттім. Ендігі жерде менің ол күндерім аяқталды. Бүгін «ардагер» өз мүмкіндігін толық пайдаланып, қолдан келгеннің барлығын істеді, - деді Такато жылы жымиып.

Финалдық белдесуден кейін Такатоның көзінде ризашылық сезім анық байқалып тұрды. Ал Нагаяма болса көз жасына ерік берді. Сол сәтте Такато: «Біз өте мықты күрестік. Менің ойымша бұл нағыз шешуші белдесу болды» деп тіл қатқан көрінеді.

Алдын ала болжам бойынша, Олимпиада чемпионы, әлем чемпионаттарының 4 дүркін жеңімпазы Такато ендігі жерде өзінің спорттық мансабын аяқтауы мүмкін. Ол соңғы 12 жылда ересектер арасында дзюдодан көптеген жарыста топ жарды. 

Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов Такатомен болған бес кездесудің барлығын да есе жіберді. 

Бұған дейін Такато 3 дүркін Олимпиада чемпионы атануды көздейтінін, 2028 жылға дейін спортта болатынын айтқан еді. Алайда оның жоспарын жапон құрамасындағы басты қарсыласы түбегейлі өзгертіп жібергендей...