Күрестегі салафизм, қырғыз балуандарының мықтылығы – Дәулет Тұрлыханов ағынан жарылды

Редактор
16.10.2023, 15:49
©instagram.com/daulet_bolatuly_turlykhanov/

Еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Қазақстан балуандарының қазіргі жайын, қырғыз спортшыларының деңгейі және спорттағы салафизмге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Дина Төлепбергенге берген сұхбатында атап өтті.

Таяуда Сербияда күрес түрлерінен аяқталған әлем чемпионатындағы аз ғана құраммен барып, өте жоғары нәтиже көрсеткен көрші елдің балуандары біздің елдің спортшыларын артта қалдырған еді. Мәселен, қырғыздар Белградта 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Қазақстан болса 1 алтын, 2 қола медаль жеңіп алды. Ал, грек-рим балуандары жүлдеген тыс қалды.

«Біз отыз салмақ дәрежесі бойынша күрестің үш түрінен 29 балуан алып бардық. Мойындауымыз керек, көршілес қырғыз балуандары бізден бір бас жоғары болып кеткен. Біздің балуандардың жағдайы жоқ, жарыстарға қатыса алмайды деп айта алмаймыз. Облыстық, мемлекеттік деңгейде қаражат бөлініп жатыр. Күрес федерациясы екі жылда бірталай нәтижеге жетті. Келесі жылы Олимпиада ойындары күрес деңгейінің қандай екенін көрсетеді», - деді Дәулет Тұрлыханов жауабында.

Ұзақ жылдар бойы күрес түрлері федерациясында вице-президент, президент лауазымдарын атқарған ол соңғы рет 2021 жылдың соңында қайтадан басшылыққа сайланған болатын.

Сұхбат барысында депутат спортшылар арасында жат діни ағымның жетегіндігілерге қатысты да өз ойын білдірді. Оның айтуынша, бұған дейін бапкерлер мен спортшылармен аталған тақырып төңірегінде сөйлескен көрінеді.

«Кездесу өткізген кезде біз айтамыз. Әркім өз таңдауын жасайды, бірақ жаттығу барысында кедергі жасамаса болды. Екіншіден, мұны әңгімелеп, жарнамалап, үгіттеп жүрсе айтамыз – намаз оқысаң оқы, бірақ жаттығуыңа, жарысқа мұның кедергі болмауы керек деп айтамыз. Біріншіден дінде жүрген адам таза, екіншіден тәртіпті, жинақы болуы керек. Ойым сондай. Үкімет тарапы бұл сұрақтармен айналысуы керек. Қоғамда ондай орындар бар шығар. Бірақ насихаттап, үгіттеп, адамдарды дінге шақырып, дінді таңдап алыңдар дегенге қарсымын», - деді Дәулет Тұрлыханов.

Бұған дейін Дәулет Тұрлыханов өзінің тағы бір қызметке кіріскенін мәлімдеді. Ол ішкі істер министрлігі жанындағы «Динамо» спорт қоғамының төралқа мүшелігіне қабылданып отыр.