Жарнама
Жарнама

Ангелина Лукас көз арбасу кезінде қарсыласымен төбелесіп қалды

Редактор
Бүгін, 10:52

Танзаниядан келген қарсыласы Эжина Каянга арасында аздаған текетірес орын алды

Фото: instagram/angelina_lukas1997

Қазақстандық боксшы, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Ангелина Лукас бүгін  Дубайда жекпе-жек өткізеді. Осы кездесу алдында боксшы қарсыласымен бір қырылып үлгерді.

Ангелина Лукас Дубайдағы жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу рәсімінде қарсыласымен көз арбасу өткізді.

Іс-шара барысында Лукас пен оның Танзаниядан келген қарсыласы Эжина Каянга арасында аздаған текетірес орын алды.

Белгілі болғандай, қазақстандық боксшының оппоненті – танзаниялық аса танымал емес спортшы. Ол кәсіпқой рингте 21 жекпе-жек өткізген: бір айқас нәтижесіз деп танылған, 12 кездесуде жеңіске жеткен, сегізінде жеңіліс тапқан.

Дубайдағы кездесуден кейін Ангелина 20 желтоқсанда Ақтөбедегі «Жекпе-жек» аренасында тағы бір жекпе-жек өткізеді. Бұл кездесудің де қарсыласы әлі жарияланбады.

Айта кетейік, Лукас соңғы рет 14 қарашада Каирде америкалық Кэтрин Рене Линденмутпен жұдырықтасқан еді. Алғашында отандасымызға жеңіліс жазылғанымен, кейін қарсыласы допинг-тесттен өтуден бас тартқаны үшін жекпе-жек нәтижесі «No Contest» деп өзгертілді.

Осылайша, Ангелинаның карьерасындағы жалғыз ресми жеңіліс – 2023 жылы Даниэле Асенходан алған – сақталып тұр. Кейін ол бұл нәтижені Таразда өткен реваншта қайтарды.

Реклама
Реклама

Материалда: