Бивол мен Бетербиев арасындағы жекпе-жектің уақыты белгілі болды

Редактор
04.02.2024, 10:32

Бұған дейін Бетербиев жекпе-жек жақын уақытта болмайтынын мәлімдеген еді

Getty Images

Сауд Арабиясындағы кәсіпқой бокс кештерін ұйымдастырумен айналысып жүрген Турки Алалших жартылай ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін Артур Бетербиев (20-0, 20 КО) пен Дмитрий Бивол (22-0, 11 КО) арасындағы жекпе-жек 1 маусымда Эр-Риядта өтетінін ресми мәлімдеді. Бұл туралы ол The MMA Hour эфирінде айтты.

Аталған бокс кешінің андеркартында британ промоутері Эдди Хирннің 5 боксшысы өзге британдық маман Фрэнк Уорреннің 5 боксшысына қарсы жұдырықтасады. Бивол – Хирннің, ал Бетербиев Уоррен командасында.

Айта кету керек, қос боксшы да Ресейден. Десе де, Бетербиев соңғы бірнеше жылдан бері Канада атынан рингке шығып жүр.

Бүгінде Бетербиев жартылай ауыр салмақта IBF, WBC және WBO чемпиондық белбеулерінің иесі. Ал, Биволда WBA Super мен IBO титулдары бар.