Жарнама
Жарнама

Сәкен Бибосынов кәсіби бокстағы алғашқы титулы үшін жұдырықтасады

Редактор
Бүгін, 11:45

28 жастағы Сәкеннің қарсыласы – индонезиялық Сурия Дхарма

әлеуметтік желі

Қазақстандық боксшы WBA Asia белбеуіне таласатын болды. 28 жастағы Сәкеннің қарсыласы – индонезиялық Сурия Дхарма. Әзірге ол шаршы алаңда жеңіліп көрмеген: төрт жекпе-жек өткізіп, төртеуін де нокаутпен аяқтаған.

Жекпе-жек 23 мамыр күні Бішкекте өтеді. Негізі кездесу 17 сәуірге жоспарланған еді. Бірақ Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты ұйымдастырушылар айқасты кейінге шегеруге мәжбүр болды.

«Бұл - мен үшін өте маңызды айқас. Алғашқы титулдық жекпе-жегім. Осындай мүмкіндік берген промоутерлерге алғыс айтамын. Бұл кездесуге көптен бері дайындалып жүрмін. Жанкүйерлерді қуантқым келеді. Сурия Дхарма - өте мықты қарсылас. Оның жекпе-жектерін көрдім. Қарсыласқа тыңғылықты дайындалып, әсерлі жеңіс көрсетуге тырысамын» , - деді Бибосынов жанкүйерлерге арналған видеода.

Айта кетейік, Сәкен Бибосынов - Қазақстанның ең атақты әуесқой боксшыларының бірі. Ол екі дүркін әлем чемпионы (2021, 2025), Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Азия чемпионаттарының бірнеше мәрте жүлдегері атанған.

Бұл – Бибосыновтың кәсіпқой бокстағы алғашқы титулдық айқасы. Бұған дейін қазақ боксшысы кәсіпқой бокста екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен. Алғашқы жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтаған еді.

Реклама
Реклама