Сауль Альварес қыркүйек айында рингке қайта оралады
Мексикалық аңыз боксшы, бес салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Сауль Альварес қыркүйек айында рингке қайта оралады.
Шетелдік ақпарат көздерінің мәліметінше, Канело 13 қыркүйекте өтетін «Mexico vs The World» бокс кешінде жұдырықтасуды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда оның ең ықтимал қарсыласы – екінші орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Кристиан Мбилли. Бұған дейін Сауд Арабиясындағы ойын-сауық индустриясының басшысы әрі ықпалды промоутер Турки Әл аш-Шейх те Альварестің қыркүйекте шаршы алаңға оралатынын айтқан болатын.
Сондай-ақ Канелоның келесі жекпе-жегін өзінің алғашқы промоутерлік компаниясы Canelo Promotions ұйымдастыратыны хабарланды.
Еске салсақ, Сауль Альварес соңғы кездесуінде америкалық Теренс Кроуфордпен абсолют әлем чемпионы атағы үшін қолғап түйістіріп, төрешілер шешімімен жеңіліп қалған еді.