Мырзағали Айтжанов лицензиялық турнирге баратын боксшылардың дайындығы туралы айтты

Редактор
27.02.2024, 12:29

Ұлттық құрама 29-на Италияға ұшады

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Париж олимпиадасына жолдама беретін Бусто-Арсицио (Италия) қаласындағы турнирге қазақ боксшылары дайындығын пысықтап жатыр. Аталған жарыс 4 наурызда жалауын көтереді.

Қазіргі таңда ұлттық құрама боксшылары соңғы дайындығын Шымкентте пысықтап жатыр. Турнирге аттанатын 6 боксшымен бірге мұнда барлығы сексенге жуық жігіт жаттығу жасауда. Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың айтуынша, жолдамаға таласатын боксшылар сақадай сай.

«Жігіттердің дайындығы жақсы. Лицензиялық жарыс алдында тактикалық-техникалық дайындыққа мән беріп жатырмыз. Қазақстанның бокс федерациясы жағдайдың бәрін жасап жатыр. Енді 29 ақпанда Италияға ұшамыз», - деді Айтжанов.

Айта кетейік, лицензиялық турнирге Қазақстаннан Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмуд Сабырхан (57 кг), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг) және Айбек Оралбай (92 кг) барады.