Альварес 60 млн доллар гонорарды азсынып отыр
Америкалық даңқты ардагер боксшы Майк Тайсон супер орта салмақта абсолютті әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альваресті (60-2-2, 39 КО) сынады.
Тайсонның ашуына Альварестің Давид Бенавидестен (28-0, 24 КО)«қашып жүргені» тиіп отыр. Мексикалық боксшыға ірі көлемде гонорар ұсынылса да (60 млн доллар) ол Бенавидеспен жекпе-жекке шығудан бас тартуда.
«Мен өз құлағыма өзім сенбей тұрмын. Канело 60 миллионға Бенавидеспен рингке шығудан бас тартып отыр. Канелоға не болған? Ол жеңіліп қалудан қорқа ма? Жанкүйерлер қалап отырған жекпе-жекті неге сыйламайды? Сен ақшаға қарамай ең мықты боксшылармен кездескен ұлы мексикалық боксшылардың атына кір келтіріп тұрсың. Бұл Мексика боксының сүйегіне түскен таңба. Мен оның орнында болсам Бенавидеспен жекпе-жекке келісіп, бүкіл әлемнің алдында кімнің мықты екенін көрсетер едім. Бірақ, Канелоның бұған батылы жетпейтін секілді. Оның таланты бар, бірақ ер мінезді емес», - деді Тайсон Marca басылымына берген пікірінде.
Айта кетейік, жуырда ғана Сауль Альварес Premier Boxing Champions компаниясымен келісімшартты бұзды. Екі тарап үш жекпе-жек ұйымдастыруға келіскен болатын. Алайда, бір жекпе-жектен кейін мексикалық боксшы гонорардың аз екенін айтып, компаниямен әрі қарай жұмыс істеспейтінін айтты.