Аталған жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлер болмайды
Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан бокстан лицензиялық турнирде қазақстандық Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) бірінші жекпе-жегін жеңіп, келесі айналымға шықты.
Жерлесіміз бірінші кездесуін Тринидад және Тобаго аралдарынан келген Доннел Филиппен өткізді. Қарсыласын үш раунд бойы сабаған Мұхамедсабырға төрешілер жеңісті бірауыздан берді. Айта кету керек, үшінші раундта рефери тринидадтық боксшыға нокдаун санады.
Еске салайық, бүгін жарыс жолына шыққан Римма Волосенко екінші жекпе-жегінде жеңіске жетсе, команда капитаны Асланбек Шымбергенов фин боксшысын техникалық нокаутпен ұтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жарыстың жартылай финалына шыққан боксшыларға Олимпиада жолдамасы берілгендіктен, ұйымдастырушылар жартылай финал мен финалдық жекпе-жектерді өткізбеу туралы шешімге келді. Яғни, жарыста чемпиондар мен жүлдегерлер болмайды.