Олимпиада алдында ұлттық құрамаға өзгеріс енгізудің қажеті жоқ – Данияр Елеусінов

Редактор
29.10.2023, 11:22

Қазақстан боксшылары Олимпиадаға небәрі бір лицензия жеңіп алған

Фото ашық дереккөзден

Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ұлттық құраманың Азия ойындарында сәтсіз өнер көрсеткеніне қатысты пікірі білдірді. Tengri Sport тілшісіне сұхбат берген спортшы «құрамада әлсіз боксшы жоқ, сәтісіздіктің бәріне төрешілер кінәлі» дегенді айтты.

«Иә, алтын ала алған жоқпыз, бірақ біздің жігіттердің бәрі мықты. Әлем чемпиондары өзін жақсы көрсетті, қолынан келгеннің бәрін істеді.

Алтын ала алмадық па? Жарыс әділ өткен жоқ, ұйымдастырушылар аяқтан шалды. Бұған дейінгі жарыстарда да мұндай болған», - деді Данияр Елеусінов.

Оның пікірінше, Олимпиада алдында ұлттық құраманың боксшыларын ауыстырудың қажеті жоқ. Бұл ұтымды шешім болмайды.

«Қазақстан боксының деңгейі төмендеп кетті деп айта алмаймын. Сондықтан, құрамадағы боксшыларды алмастырудың қажеті жоқ. Жаңа боксшылардың мұндай үлкен жарысқа дайындалуына 3-4 жылдай уақыт кетеді. Біз уақыт жоғалтпауымыз керек.

Ұлттық құрамадағы қазіргі боксшылар мықты, оларға мүмкіндік беруіміз қажет. Францияда өтетін Олимпиадада әрбірінің чемпион болатын қауқары бар», - деді Д.Елеусінов.

Еске салайық, Даниярдың өзі 2016 жылы Рио олимпиадасында 69 келіде топ жарған болатын. Қазір ол кәсіпқой бокспен айналысып жүр.