Ангелина Лукас бұрынғы қарсыласы Назым Қызайбайдың жекпе-жегін көруге келді

Редактор
31.05.2024, 16:52

Екеуі ұлттық құрамада жүргенде арасында үлкен дау туындап, Лукас ақыры кәсіпқой боксқа ауысқан еді

t.me/AyanLive

Таиланд астанасы Бангок қаласында бокстан Париж Олимпиадасының соңғы іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Әзірге қазақ боксшыларынан Назым Қызайбай мен Мұхамедсабыр Базарбайұлы ғана жарысты жалғастырып жатыр. Қалған үш аруымыз жолдамадан үмітін үзді. Ең қызығы, Назымның жекпе-жегін тамашалауға құрамадағы экс-әріптесі Ангелина Лукас келген.

Қазіргі кезде кәсіпқой бокста жүрген Лукас жарыс болып жатқан жерге әзірбайжандық сүйіктісі Тариэль Джафаровпен бірге барған.

«Ангелина Лукас біздің спортшыларды қолдауға келді. Бүгін құрамадағы бұрынғы қарсыласы Назым Қызайбай жұдырықтасты. Бәлкім, Ангелина Назымды қолдаған шығар? Қалай ойлайсыздар?» - деп жазды спорт журналисі Аян Төлеген.

Еске салайық, Назым Қызайбай мен Ангелина Лукас ұлттық құрамада бір салмақта өнер көрсеткен еді. Сол кезде екеуінің арасында дау-дамай туындап, арты шуға ұласқан болатын.

Алдымен Ангелина Лукас желі арқылы үндеу жолдап, өзінің командадан қуылғанын, мұның артында Қызайбай мен оның жақтастары тұрғанын айтқан еді.

Назым болса, Ангелина мен оның бапкері ол жататын бөлмеге белгісіз порошок сеуіп кетті дегені бар.

Бүгін Назым Қызайбай  Оңтүстік Корея боксшысы Джухюнг Джунды 5:0 есебімен жеңді. Енді ол 1/8 финалда жарысты жалғастырады.