«Бүгінге дейін қаншама қиындықтан өттім»: Назым Қызайбай жолдамаға қалай жеткенін айтты

Редактор
02.06.2024, 21:14

Әлемнің екі дүркін чемпионы болса да, ол үш рет Олимпиада ойындарына бара алмай қалған еді

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Таиланд астанасы Бангок қаласында олимпиадалық іріктеу турнирі аяқталды. Қазақстаннан барған 6 боксшының үшеуі жолдама алды. Олардың қатарында Назым Қызайбай (50 келі), Валентина Хальзова (75 келі) және Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) бар. Спортшылар жарыстан кейін өз жекпе-жектері туралы пікір білдірді.

Назым бүгін Канг СУ Хуангтан (Солтүстік Корея) алғашқы раундта есе жіберіп, қалған екі раундта жеңісті жұлып алды.

«Бапкерім қобалжыма деп айтты. Асықпай, ойланып жұдырықтас деді. Соның арқасында жеңісті жұлып алдым. Бірінші раундта қарсыласыма есе жіберіп жатсам да, төбелесіп кетпедім. Ақылмен істедім. Бұрынғы қарсыластарыма қарағанда жылдам екен. Өйткені көбіне айлаға салады. Күшке емес, ұпай алуға көбірек мән береді. Функционалдық тұрғыдан бар күшімді салып, өзімді қинадым. Бірақ қатты шаршадым дей алмаймын. Екінші раундтан кейін есепті теңестірген соң, оңай болды. Осы күнге дейін қаншама қиындықтан өттім. Бұл енді бастамасы деп ойлаймын. Бұйырса, Олимпиадаға барып, жүлдемен оралғым келеді», - деді Назым Қызайбай.

Ерлерден 63,5 келідегі Мұхамедсабыр Базарбайұлы да жолдамаға иелік етті. Ол енді Парижде топ жарғысы келетінін айтты.

«Алты жекпе-жек өткіздім, оның бесеуін жеңдім. Өте қиын болды. Мені қолдаған қазақ халқына алғыс айтамын. Осымен тоқтамай, Олимпиадаға барып, алтын алғым келеді», - деді Мұхамедсабыр Базарбайұлы.