Бокстан Қазақстан мен Өзбекстан құрамасы ғана Олимпиадаға толық құрамда барады

Редактор
03.06.2024, 10:28

Ал, қыздар құрамасында алты жолдаманың тек үшеуін ғана иелендік

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары Париж Олимпиадасына толық құрамда қатысатын болды. Аталған қос елдің ерлер командасы тиісті 7 жолдаманың барлығын иеленген.

Ал Аустралия боксшылары 12 жолдамаға қол жеткізді (ерлер мен әйелдер). Тыныш мұхиты елдері арасында өткен бәсекеде құрғақ құрлықтың құрамасы тек 92 келіде ғана лицензия иелене алмаған. 

Ал көршілес Өзбекстанның әйелдер құрамасы тек 60 және 75 келіде жолдамаға қол жеткізе алмаған екен. Қазақстан әйелдер құрамасы үш жолдамамен Бразилия және Ирландиямен үшінші орында тұр. Аталған елдердің құрамасында да үш жолдамадан бар. 

Еліміздің әйелдер құрамасы 54, 60 және 66 келіде Париж Олимпиадасының жолдамасын иелене алмады. 

Бразилия мен Ирландия құрамасында жалпы саны 10 жолдамадан бар. Одан кейін Франция, Қытай, Италия, Таиланд, Түркия, АҚШ құрамаларында 8 жолдамадан бар. 

Сондай-ақ, Аустралия, Қытай, Ирландияның әйелдер құрамасы Олимпиадаға толық құрамда қатысады. 

Айта кететін жайт, Париж Олимпиадасына Ресей құрамасы қатыспайды. ХОК оларға бейтарап ту астында өнер көрсетуге рұқсат бергенімен, елдің спорт шенеуніктері бұдан бас тартты.