Костя Цзю: Қонақбаев – анамның кумирі, Долина – жай ғана досым, ұлым – нағыз еркек

Редактор
09.06.2024, 12:06

Ресейде туып, Аустралияда өмір сүрген даңқты кәсіпқой боксшы Костя Цзю «Бірінші бол» тілшісіне сұхбат берді

ТАСС

КСРО-да туып, Аустралияда бүкіл жастық шағын өткізген даңқты кәсіпқой боксшы Костя (Константин) Цзю Шымкентке келді. Бұл оның Қазақстанға соңғы 10 жылда алғаш рет жол түсуі. Өзінің айтуынша, 2014 жылы Астанада болған екен. Шымкентте өткен кәсіпқой бокс кештің алдында әуесқой және кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанған спортшымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Шымкентке қош келдіңіз?  Бұрын-сонды бұл қалада болдыңыз ба?

Мен Қазақстанға сонау 1985 жылдан бері бірнеше келдім. Бірақ ешқашан Шымкентке жолым түспепті. Алғаш рет келіп тұрмын. Астана мен Алматыда ғана болғанмын. Қала көрікті, жылы, ұнап жатыр.

– Соңғы рет Қазақстанға қашан келдіңіз?

– Осыдан 10 жыл бұрын жолым түскен.

– Анаңыз Серік Қонақбаевтың шеберлігіне тәнті болған екен. Сіздің боксқа келуіңізге де осы жағдай әсер еткені рас па?

–  Иә, бұл рас. Менің анам Серік Қонақбаевты Мәскеу Олимпиадасына дейін көрген. Мені бокс секциясына 1975 жылы алып барды. Анам менің де Серік Қонақбаев секілді боксшы болғанымды қалады.

– Бір кездері КСРО чемпионатында қазір елімізде әуесқой бокстан бірнеше чемпионды тәрбиелеген Марат Жақиевпен жұдырықтасқан екенсіз. Сол жекпе-жек есіңізде бар ма?

– 1989 жылы қаңтар айында ол кезде Фрунзе аталған қазіргі Бішкек қаласында КСРО чемпионаты өтті. Мен 60 келіде жұдырықтастым. Жартылай финалда Марат Жақиевпен кездестім. Ол жекпе-жек әлі күнге есімде. Мараттың бойы ұзын, өте жақсы боксшы. Мен жеңіске жеттім, негізі оңай болған жоқ.


Фотода Константин Цзю және Бек Төлеу

– Алғаш рет әуесқой бокстан 1991 жылы әлем чемпион аттандыңыз. Бірақ келесі жылы жалындап тұрған шағыңызда неге Барселона Олимпиадасына қатыспадыңыз?

– Маған ол кезде әуесқой бокс қызық болмай қалды. Олимпиадаға дейін кәсіпқой бокста 4 жекпе-жек өткізіп үлгердім. Сондықтан Олимпиадаға деген аса қатты қызығушылығым болмады.

– Қазір сізге әуесқой мен кәсіпқой бокстың қайсысы жақын?

– Маған кәсіпқой бокс жақын.

– Әнші Лариса Долинамен жақсы қарым-қатынаста екеніңізді білеміз. Сіздерді негізінен қандай күш байланыстырады?

– Екеуіміз өте жақын достармыз. Ол менің чемпион болуыма өз үлесін қосқан жан. Негізі мен өте көп өнер адамдарымен араласқанмын. Соның ішінде Лариса Долинаның орны бөлек. Бізде жақын достықтан басқа қарым-қатынас жоқ.

– Егер сіздің ұлыңыз Тимофейге жекпе-жектерін Қазақстанда өткізу туралы ұсыныс түссе, бұған қалай қарайсыз?

– Мен оның менеджері боламын, оның өте қымбатқа түсетінін айтқым келеді.

– Сонда қазақстандық нарық қызық емес пе?

– Бұл жерде мәселе қазақстандық нарықта емес, бағада. Менеджер ретінде мұндай келісімшартқа қол қою бағасы кем дегенде 2 миллион доллар тұратынын жеткізгім келеді. Жекпе-жекке дейін ол берілуі керек. Ақшаны айқасқа дейін шотқа аударсын, сонда ол міндетті түрде осында жұдырықтасады.

– Ұлдарыңызға өмірде нені үйреттіңіз?

– Бәрін үйретуге тырысам. Өмірде мынау керек, мынаған ғана дайындал деген болмайды, бәріне дайын болу керек.

– Ал Тимофейді Себастьян Фундорамен айқас неге үйретті деп ойлайсыз? Бұл айқас қажет пе еді?

– Ұлым нағыз еркек. Ол айқастан соң ер азамат екенін көрсетті. Ол өз сөздеріне және өз ісіне жауап беруді үйренді. Одан қалды мен ұлымның өз-өзін ұстауына, осындай ұлым барына мақтандым.

P.S. Костя Цзюдің ұлы Тим (Тимофей) қазір кәсіпқой бокстағы жарық жұлдыздардың бірі. 24 жекпе-жекте мүлдем жеңілмеген ол биыл 30 наурызда америкалық боксшы Себастьян Фундорамен жұдырықтасып, жеңіліп қалды. Яғни, өзінің WBO чемпиондық титулынан айрылды.

Сұхбаттасқан Бек Төлеу