Қазақстанда олар тағы екі оқу-жаттығу жиынын өткізеді
Бокстан Қазақстан құрамасының мүшелері Антальяда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, елге оралды. Бір аптаға созылған жаттығу жұмыстарында боксшылар Жерорта теңізіне шомылып, жағажайда жүгірген.
Қазір Қазақстанға оралған ұлттық құрама Олимпиадаға дейін тағы екі рет жиналады.
«Субтропикалық жұмсақ климатта бойына күш-қуат жинаған спортшылар үйлеріне тарқасты. Санаулы күнде ұлттық құрама Алматы облысындағы олимпиадалық базада оқу-жаттығу жиынына кіріседі. Париж Олимпиадасының алдындағы соңғы екі кезең жаттығу қалды. Бұл – соның алғашқысы», - делінген Қазақстан бокс федерациясы таратқан хабарламада.
Париж Олимпиадасына Қазақстан ерлер құрамасынан мына боксшылар қатысады: Cәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі).