Ангелина Лукас келесі жекпе-жегін шілдеде өзге мемлекетте өткізетін болды

Редактор
12.06.2024, 12:57

Ол жыл соңына қарай Азиядан басқа құрлыққа көшетінін де ресми хабарлады

instagram.com/angelina_lukas1997/

Қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Ангелина Лукас соңғы бірнеше жекпе-жегін Таиландта өткізгені белгілі. Оның оқу жаттығу жиындары да осы елде өтіп жатыр. Енді отандасымыз 12-ші жекпе-жегін биыл шілдеде өзге мемлекетте өткізетінін мәлімдеді.

Лукас Таиландта ұзақ уақыт тұрақтауының себебін мұнда кәсіпқой бокс кештерінің жиі өтетінімен түсіндіріп отыр.

«Жекпе-жек кестесінің тығыз болуына байланысты Азияның осы бұрышында біраз уақыттан бері жүрмін. Мен қатысып жүрген бокс кештері ауқымы жағынан әлемде үшінші орын алады. Бүгінге дейін Таиландта 600-ге жуық кәсіпқой бокс кеші өтіпті. Бұл жерге әлемнің түкпір-түкпірінен боксшылар келіп, жекпе-жектерін өткізіп жатады. Мен болсам шілдеде өтетін келесі кездесуімді басқа мемлекетте өткізуді жоспарлап отырмын. Ал, жыл соңына қарай мүлдем басқа құрлыққа кетеміз. Жаңа белестерді бағындыру үшін, үлкен жекпе-жек өткізу үшін», - деп жазды ол өзінің Instagram-парақшасында.

Еске салайық, соңғы кездесуінде Аншелина Лукас индонезиялық Харма Йестиді жеңді. Бұл бокс кеші Таиланд астанасында 30 мамырда өткен болатын.