Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының алдындағы жаттығу туралы айтты

Редактор
13.06.2024, 13:27

Ол Түркияда теңіз суына түсіп, таза ауада жаттығуын пысықтауда

Қазақстан бокс федерациясы

Әйелдер арасында бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай Париж Олимпиадасына дайындалып жатыр. Таяуда ғана Таиландта өткен әлемдік лицензиялық турнирде жолдама иеленген спортшы өзінің дайындығының қалай жүріп жатқанын атады.

«Қазір Түркияда жаттығып жатырмын. Жоспар бойынша дайындық бағдарламасында демалыс пен жаттығу бірге жүреді. Бізде ауыр жүктемелер жоқ, тек денені тонуста ұстау мақсатында жаттығулар жасалып жатыр. Күнделікті далада жүгіру, теңізде не бассейнде жүзу, фитнес залындағы жаттығу немесе бокс жаттығуларын жасаймын. Қазақстанға ұшып келе салысымен ұлттық құрамамен оқу-жаттығу жиынына кірісеміз. Сол кезде күнделі жаттығулар басталады. 

Теңіз суының денсаулыққа қаншалықты пайдалы екені айтпаса да түсінікті, оған қоса жүзу — жалпы физикалық жағдайға оңынан әсер етеді, өкпе жұмысын жақсартады. 

Жалпы, бұл сапар психологиялық тұрғыда да пайдасы бар деп ойлаймын, үйде болсақ тіршілікке кірісіп кетеміз. Лицензиялық турнир алдында үлкен жұмыс атқарылды, дегенмен босаңсуға жол бермеу керек, Олимпиадаға елу күннен де аз уақыт қалды. Алда екі кезең оқу-жаттығу жиыны күтіп тұр. Екеуінен де ойдағыдай өтіп, жақсы формада Парижге аттанамыз деген үміттемін», - деді  Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында.

50 келіде өнер көрсететін отандасымыз ұзақ уақытқа созылған сәтсіздіктен кейін Париж Олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ол 48 келіде бақ сынап, әлем чемпионаттарында үш мәрте жүлде алған. Мәселен, 2012 жылы Қытайда қола жүлдегер атанса, 2014 және 2016 жылдары әлем біріншілігінде топ жарды.

Назым Қызайбай бапкер ауыстырған соң көпке дейін халықаралық жарыстарда жарқырай алмады. Ол 50 келіде бақ сынағанымен, лицензиялық турнирге осы салмақтағы ұлттық құрама үздігі Алуа Балқыбекова аттағнан еді. Алайда, спаррингтік сында Назым Қызайбай басым түсіп, жолдама үшін сынға түсуге мүмкіндік алды.