Промоутер Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасатын қарсылас тапқан
Орта салмақтағы WBO/IBF әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (15-0, 10 КО) промоутері Боб Арум (Top Rank) америкалық БАҚ-қа сұхбат берді. Ол Әлімханұлының орта салмақтан бір салмақ категориясына жоғары көтерілуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл туралы Sports.kz порталы жазды.
Қазақстандық чемпион жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичпен жекпе-жек алдында есінен танып қалғаны белгілі. Спортшы cалмақ қуу кезінде ағзаға судың жетіспеуі салдарынан есінен танып қалған. Кейін ол дереу медициналық орталыққа жеткізілген. Кейбір жанкүйерлер мен сарапшылар мұны Жәнібектің екінші орта дивизионға ауысатын кезі болуы мүмкін деген белгі ретінде қабылдады. Арумның пікірінше, Алимханұлы үшін америкалық Дэвид Бенавидеспен (29-0, 24 КО) жекпе-жекке шыққан тиімді болмақ.
«Жәнібек, тіпті, орта салмаққа төтеп бере ала ма, жоқ па, соны анықтауымыз керек. Егер жоқ болса, онда ол титулды босатады, ал Михайлович белбеу үшін келесі үміткермен жұдырықтасады. Жәнібек жоғары салмаққа ауыса алады деп ойлаймын. Менің ойымша, жақында ғана ауруханадан шыққан Жәнібектің 160 фунтқа оралам деуі тым қауіпті. Сондықтан оның салмағын ауыстырғаны дұрыс. Біз оған екінші орта дивизионда жекпе-жек ұйымдастырамыз, содан кейін оны Бенавидеске қарсы қоямыз, бұл керемет жекпе-жек болады», - деді Боб Арум.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта қалу туралы шешім қабылдағанын айтып, қарсыластарына үндеу жасаған еді.