Қамшыбек Қоңқабаев испан боксшысынан жеңіліп, Париж Олимпиадасын аяқтады

Редактор
30.07.2024, 01:20

Ол үшінші раундта қарсыласына ауыр соққыларын дарытып, оны есеңгіретіп тастағанымен, төрешілер жеңісті бермеді

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан +92 келіде Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғаған Қамшыбек Қоңқабаев 1/8 финалда жеңіліп қалды.

Жерлесіміздің қарсыласы – Испания боксшысы Гадфа Дрисси әл Айсауи Аюб болған. 

Жекпе-жектің бірінші раундында боксшылар аса сақ қозғалды: аз соққы жұмсап, көбірек барлау жасады. Испан боксшысы белсендірек көрінгенімен, төрешілер бұл раундта жеңісті 3:2 есебімен Қамшыбекке берді.

Жеңіліп жатқанын білсе керек, Аюб екінші раунд бастала салысымен ашық төбелеске көшті. Алайда, Қоңқабаев сауатты қозғалып, қарсы шабуылда соққыларын дәл тигізіп отырды. Бірақ, төрешілер бұл раундта испан боксшысы басым болды деп шешкен.

Ал, үшінші раундта Қамшыбек өзі бірінші номерде жұмыс істеді. Оның бүйірден соққан соққылары дәл тиіп, қарсыласын есеңгіретіп тастаған. Соған қарамастан төрешілер испан боксшысы жеңді деп, соның қолын көтерді.

Осылайша, Қамшыбек Қоңқабаев үшін Париж Олимпиадасы аяқталды. Ал, Аюб болса келесі жекпе-жегін Армения боксшысына қарсы өткізбек.