Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болады – Мырзағали Айтжанов Нұрбек Оралбайдың жеңілісі туралы

Редактор
08.08.2024, 10:10

Қазақстан бокс құрамасы екінші Олимпиада қатарынан алтынсыз қалып отыр

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасын қорытындылап, шағын сұхбат берді, деп жазады Olympic.kz. 

«Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсациялар көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдеге іліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді. 

Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралып, аяққа нық тұрарына сенемін. 

Финалға келер болсақ, иә, Александр Хижняк толассыз шабуыл жасады. Бірақ оның соққыларының соңы ғана тиді Нұрбекке. Ал дәл әрі таза соққыларды біздің жігіт тигізді. Оны қайталаудан да көрген шығарсыздар», - деді Мырзағали Айтжанов.

Айта кетелік, бокстан Қазақстан ерлер құрамасы биыл жалғыз медаль жеңіп алып, Олимпиада ойындарындағы антирекордты орнатты. Сондай-ақ, соңғы екі Олимпиадада отандық боксшылар елге алтын медальсыз оралып отыр.