Ресейлік боксшы қыз алжирлік «еркекшораны» жекпе-жекке шақырды

08.08.2024, 10:25

Иман Хелиф Олимпиада ойындарының финалына шыққан

коллаж: 1bol.kz

Бокстан Ресей құрамасының мүшесі Азалия Аминева 2023 жылы гендерлік сынақтан өте алмаған, алайда биыл Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алған Иман Хелифпен қайта жекпе-жек өткізуге ұсыныс тастады.

Аминева бұл туралы өзінің әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

«Сәлем, Иман Хелиф! Негізсіз хайптың астына қалдым деп ойламайсың ба? 2023 жылы Үндістанда өткен кездесу есіңде шығар? Сені нокаутқа жібердім. Бұл сәтті тағы да қайталап, жеңіске жетуге, сен жол кескен қыздардың кегін қайтаруға дайынмын. Мен жауап күтемін. Уақыт кетті», - дейді ресейлік былғары қолғап шебері.

21 жастағы боксшының айтуынша, ол 8 тамыздан басқа кез келген күні, кез келген жерде жұдырықтасуға дайын. Себебі сол күні Аминева кәсіби рингтегі дебюттік кездесуіне шығады.

Осыған дейін Аминева алжирлік боксшының Олимпиадаға қатысуын сынап, ХОК-тың шешімін алаяқтық деп таныған еді. Дегенмен, Хелифтің әкесі қызына қатысты тараған қауесеттерді жоққа шығарып, оның трансгендер емес екенін айтқан болатын.

Иман Хелифтің өзі болса Олимпиада ойындарының финалына шықты. Оны өзге боксшы қыздардың көбі «трансгендер» деп, яғни жынысын ауыстырған еркек деп айыптауда. Бұлай айтуына Хелифтің түр-әлпеті, дене-бітімі және ер адамға тән жойқын соққылары себеп болған. Ол аз десеңіз, былтыр әлем чемпионатында алжирлік боксшы гендерлік тесттен өте алмаған.