Өзбекстанның тағы екі боксшысы Олимпиада чемпионы атанды

Редактор
10.08.2024, 02:11

Әзірге Өзбекстан боксшылары үш алтынға қол жеткізсе, тағы екі боксшысы ертең рингке шығады

Өзбекстан ҰОК

Өзбекстан боксшылары Асахуджа Муйдинхужаев (71 кг) пен Лазизбек Муллажонов (-92 кг) Париж Олимпиадасындасының чемпионы атанды.

Осылайша финалға шыққан өзбектің бес боксшысының үшеуі алтын алса, қалған екеуі рингке 10 тамызда шығады.

23 жастағы Асахуджа Муйдинхужаев финалда мексикалық боксшы Марко Алонсо Верде Альвареспен кездескен болатын. Алғашқы екі раундта өзбек аса белсенді жұдырықтасып, қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде төрешілер бірінші мен екінші раундты 5:0 есебімен Асахуджаның пайдасына шешті. Ал, үшінші раундта ол басымдықты қарсыласына беріп, қорғаныста көп әрекет етті. Ал, мексикалық боксшының соққылары өзбекке дәл тиіп жатты. Төрешілер бұл раундты Альварестің пайдасына жазғанымен (5:0), жалпы есепте Өзбекстаннан келген Муйдинхужаев жеңімпаз атанды.

Ауыр салмақта жұдырықтасқан Лазизбек Муллажонов болса Әзірбайжан атынан өнер көрсететін кубалық Лорен Берто Альфонсо Домингеспен Олимпиада алтынын сарапқа салды. Өзбек боксшысы үш раундта да қарсыласынан бір бас жоғары ойнап, әр раундты қиындықсыз жеңіп шықты. Қорытынды есеп – 5:0.

Осылайша Париж Олимпиадасында Өзбекстан қоржынында енді бес алтын медаль бар. Оның алғашқысын дзюдошы қыз Диера Келдиерова иеленсе, тағы біреуі таэквондошы Улугбек Рашидовқа тиесілі. Ал, қалған үшеуін боксшылар – Хасанбой Дусматов, Асахуджа Муйдинхужаев және Лазизбек Муллажонов жеңіп алды.

Хасанбой Дусматовқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жанкүйер болған.

10 тамызда Өзбекстанның тағы екі боксшысы Олимпиада алтынын сарапқа салады. 57 келіде Абдумалик Халоков қырғыз Мунарбек Сейитбек уулумен жұдырықтасса, +92 келіде Баходир Жалолов испан боксшысы Айюб Гадфамен өзара мықтыны анықтайды.