Қазақстан бокс құрамасы екі Олимпиада қатарынан алтын медаль ала алмай келеді
Париж Олимпиадасына бокстан Қазақстан тағы да алтынсыз қалды. Жанкүйерлер тарапынан сын көп. Бас бапкерді ауыстыру керектігі де айтылуда. Осы ретте Sports.kz оқырмандар сауалнама ұйымдастырған.
Аталған басылым ұйымдастырған сауалнама қорытындысы бойынша бес бапкер анықталған.
5-орын. Мырзағали Айтжанов
Құраманың қазіргі бапкерінің қалғанын қалайтындар да бар. Мырзағали Айтжанов Қазақстан құрамасының тізгінін екінші рет ұстап отыр. Бұған дейін 2009-2018 жылдары жаттықтырған. Одан кейін былтыр 2023 жылдың басында қайта оралған.
4-орын. Қайрат Сәтжанов
Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейн бас бапкерлікке тағайындалған еді. Сербиядағы әлем чемпионатында екі алтын еншіледі. 2023 жылдың басында денсаулығына байланысты қызметінен кеткен. Былтыр қайтадан жастар құрамасының бас бапкері болды.
3-орын. Мұхит Амантаев
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхит Амантаев әлеуметтік желіде өте танымал. Астанада болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жүрген жас маманды ұлттық құрамаға шақыру керек деген пікірлер бар.
Мұхит Амантаев спортшы ретінде Қазақстан жүлдегері атанған, әлем біріншілігіне қатысқан.
2-орын. Тұрсынғали Еділов
Қазақстан боксының тарихындағы ең нәтижелі бапкерлердің бірі. Ол Сидней Олимпиадасында Қазақстан құрамасын бастап барып, екі алтын, екі күміс еншілеген. Бірақ одан кейін 20 жылдан астам құрамада жұмыс істеген жоқ. Жанкүйерлердің арасында Тұрсынғали Еділовті қайтару керек деп санайтындар көп.
1-орын. Бақыт Сәрсекбаев
Бақыт Сәрсекбаев Бейжің Олимпиадасында чемпион атанған соң, әуесқой бокста мансабын жалғастырған жоқ. Аз уақыт «Астана арландары» сапында болды. Соңғы жылдары бапкерлікке көшті. Көбіне, жас боксшылармен жұмыс істеді. Сонымен қатар, ұлттық құрама бапкерлеріне жиі сын айтады. Париж Олимпиадасындағы пікірінен кейін жанкүйерлер Сәрсекбаевтың өзіне мүкіндік беру керек деп есептейді. Сондықтан ең көп дауысты осы маман жинады.