Қоғамда бокстан ұлттық құрамаға бас бапкер болуға лайықты кандидаттар мәселесі қызу талқылануда
Бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсебаев өзін бас бапкерлікке ұсынып қолдағандар мен керісінше хейт жазғандарға қатысты мәлімдеме жасады.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Қазақстан бокс құрамасы сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін қоғамда бас бапкерді ауыстыруды талап еткендер көбейді. Осы сәтте жұрт түрлі кандидаттарды да ұсынып жатты. Олардың қатарында Бақыт Сәрсекбаев та бар. Олимпиада чемпионы қазіргі спорт шенеуніктері мен бокс федерациясының жұмысын қатаң сынға алып жатқан.
«Ағайын, мені қолдап, бокс басшылығына шақырып жатқандарыңызға көп рахмет! Бокс туралы жазсам біреудің орнын тартып алайын деп жатыр деп ойбайлайтын хейтерларыма да рахмет! Мен тоқтамаймын, жазамын, айтамын. Қазақ боксы басшысыз қалмас, Айтжанов кетсе Сәтжанов келер», - дейді Бақыт Сәрсекбаев.
Ол дәл қазір бокс тізгінін алуға кім келсе де, ол кісіге оңай болмасы анық деп отыр.
«Жаңа команда жасақтап, ескі қалдықтардан құтылу да оңай емес. Не де болса жаңа басшылыққа қажымас қайрат, үлкен сәттілік тілейік», - деді Олимпиада чемпионы.
Бақыт Сәрсекбаев 2008 жылы Пекин Олимпиадасында топ жарған. Қазіргі таңда ол шәкірт тәрбиелеумен айналысып жатыр.
Белгілі спорт журналисі Есей Жеңісұлы «Бірінші бол» YouTube-каналында болған подкастта Сәрсекбаевты Ұлттық құрамаға бас бапкер болуға жарамайды деп мәлімдеді. «Ол тіпті, облыс чемпионын шығарып көрмеген» деген еді журналист.