Боксшылар Олимпиадаға не үшін барғанын түсінбеді. Бәріне жеке бапкерлері кінәлі – Ердос Жаңабергенов

15.08.2024, 11:58

Бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктерге талдау жасады

olympic.kz

Қазақтың нөмірі бірінші спорты саналып кеткен бокстың құрдымға кетіп бара жатқанын ерінбегеннің бәрі айтып та, жазып та жатыр. Көпшілік сәтсіздікке бас бапкерді ашық кінәлап, оның кетуін талап еткеннен соң Бокс федерациясы Мырзағали Айтжанов пен бас-аяғы он бапкерді қызметтен босатты.

Дегенмен, 2005 жылғы әлем чемпионы, қазақ пен өзбек боксын жақсы білетін Ердос Жаңабергенов бұл нәтижеге боксшылардың өздері және олардың жеке бапкерлері жауапты деп отыр.

– Кезекті Олимпиада ойындарына алтын медальсіз оралдық. Токиода дайындық ойдағыдай болмады дедік. Ал, бұл жолы не жетпеді деп ойлайсыз?

– Бұйырмаған шығар. Негізі жігіттер Олимпиадаға не үшін барғанын, жекпе-жекке не үшін шығып жатқанын аса түсінбеген секілді. Өздеріне осы сауалды қоймаған сияқты көрінді. Әйтпесе бабы жаман болды деп айта алмаймын.

– Сонда боксшылар Олимпиаданың Олимпиада екенін сезінбеді дегіңіз келе ме?

– Дәл солай. Бұл дода төрт жылда бір-ақ рет өтеді, ал келесі жолы мұндай бақ бұйыра ма, бұйырмай ма, ол жағы белгісіз. Сондықтан берілген мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану керек еді.

– Кімнің өнеріне көңіліңіз толды?

– Сәкен Бибосыновқа деген көңілім 50/50. Ал 57 келідегі Махмұд Сабырхан өз салмағынан кішкентай болды. Егер келесі Олимпиада ойындарына барамын деген ниеті болса, оған да жақсылап дайындалу керек. 63 келідегі Мұхамедсабыр Базарбайұлының Парижге баратыны соңында ғана шешілді. Сондықтан шығар, өзі де іштей күмәнданып жүргендей көрінді. 71 келідегі Асланбек Шымбергеновті түсіне алмай-ақ қойдым. Бұл Олимпиада соңғысы болуы да мүмкін, бұдан кейін жолы түсе ме, білмеймін, сондықтан осы жолы өзін көрсетуі керек еді. Өз басым, оның боксына көңілім толмады. Олимпиаданың алдында бәрін сырып тастап, бар назарды, өзіңді дәл осы аламанға барынша дайындауың керек. Нұрбек Оралбай қолынан келгенін істеді. Жарайсың деймін. Айбек, былайша айтқанда, аузындағысынан айырылды. Әйтпесе жеребе жаман түскен жоқ. Жеміс ағашы әбден пісіп, міне ауызға түседі деп отырғанда, сол дайын өнімді басқалар келіп жинап алып кетті. Қамшыбек Қоңқабаевтың жағдайы да дәл солай.

– Асланбектің тарапына көп сын айтылды. Өйткені оның соңғы кездері ірі аламандағы өнеріне көпшіліктің көңілі толмай жүрді. Шымбергенов Олимпиадаға баруға физикалық тұрғыда қаншалықты дайын болды?

– Физикасы, техникасы мен тактикасы өте жақсы болды. Ол тек психологиялық тұрғыда дайын емес екен. Осы жағынан құдды бұрынғы қалпына түскендей көрінді. 2012 жылы ол 64 келіде жұдырықтасып жүрді, оның алдын Данияр Елеусінов орап кетті, 2016 жылы тағы Данияр алды. 2020 жылы Абылайхан Жүсіпов кетті. Соншама жолдан өтіп, 12 жылдық сынақтан соң Олимпиадаға барғанда, мына істегені түсініксіз болды. Қандай оймен барғанын білмеймін. Психологиялық тұрғыда өз-өзін жеп қойды ма екен?.. Олимпиадаға емес, халықаралық турнирге қатысып жатқандай жұдырықтасты.

– Боксшылардың психологиясымен кім жұмыс істеуі керек еді?

– Өзі және жеке бапкері. Ол өзін соған дайындауы керек еді. Әйтпесе кім барып айтса да, боксшы іштей дайын болмаса, бәрі бекер. Мен айтайын, 20 миллион халық айтсын, нәтиже шықпайды. Алдымен боксшы өз-өзін қамшылауы қажет, соның жүрегінен шығуы керек. 2021 жылы, 2023 жылдары әлем біріншілігінде қалай керемет жұдырықасты! Өзін қайрап, қамшылай отырып жеңіске жетті.

– Осы жолы бапкерлер ерекше сынға ұшырады. Боксшылардың даярлығы нашар, бір раундқа ғана дайындалған секілді, тез шаршайды деп жатыр. Сіз қалай ойлайсыз?

– Ұлттық құрама бапкерлерін сынаудың қажеті жоқ. Жұрттың бәрі сынап жатыр. Бұрынғы бапкерлер, боксшылар жерден алып жерге салып жатыр. Бір елміз ғой, айналдырған 20 миллион халқымыз бар. Ақылыңды айтқың келсе, жаның ашыса, сол құрамаға бар, түсіндір, көмектес, кеңес бер. Ешкім кет демейді. Шет жақта тұрып алып: «бүйту керек, сөйту керек» дегеннен еш пайда жоқ. Идеясын ортаға салсын, бөтен мемлекеттің адамы емес, бәрі өзіміздің қарадомалақ балаларымыз ғой. Мұхит Амантаевтың камераның мына жағында отырып алып айтқандарын көрдім. Ер азамат қой, барып айтпай ма?! Лицензия алған бойда балаларға келіп кеңесін беруі керек еді. Соғыс біткен соң қылышты сермеп не қажет?

Ұлттық құрама бапкерлері әр боксшының үйіне барып қадағалай алмайды, ондай мүмкіндік жоқ. Мысалы, Қамшыбек жолдамасын былтыр алды, содан бері оны базаға қамап қойып бақылай алатын болса, онда әңгіме жоқ. Жолдамаларын алды да той-томалақ деп жүрді, бұған кім кінәлі? Боксшылардың өзі мен жеке бапкерлері! Неге олар шәкіртінің болашағына, өміріне бейжай қарайды? Олимпиадаға жолдама алу бөлек, оған қатысу мүлде бөлек. Соны түсінбей жатыр ғой.

Одан қалды, жеке бапкерлер шәкірттерінің даярлығын әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетіп отырады. Боксшының құпиясын ашып береді. Оның артық-кем тұсын бәріне көрсетеді. Басқа елдерде ондай бар ма? Жоқ. Өздерінің артын өздері ашып беріп отыр. Жұрт айла-тәсілін жасырып әлек, ал біздікілер жария еткенге, мақтанғанға мәз.

– Сонда боксшылардың сүреңсіз өнеріне құраманың емес, жеке бапкерлер кінәлі дегіңіз келе ме?

– Әрине! Ұлттық құраманың бапкерлері балалар оқу-жаттығу жиындарына барған кезде ғана қадағалай алады. Ол шамамен 20 шақты, ары кетсе 24 күнге созылады. Сол аралықта олар боксшылардың шамасын байқайды, жетпей жатқан тұстарымен жұмыс істейді. Қалған уақытта боксшы жеке бапкерінің қасында. Жұрттар ойлайды үйде демалып, сосын оқу-жаттығу жиындарына барғанда дайындаламыз деп. Ол дұрыс емес. Оқу-жаттығу жиындары дегеніміз – құдды ұшқан соң ұшақтың бір сызыққа түсуі секілді процесс. Ал үйіндегі даярлық – ұшақтың ішіндегі жүгімен қоса биікке көтеріле алуына жасалған жағдай. Үйде аспанға түкіріп жатып «оқу-жиындарына барғанда жетіп аламын» деу қате түсінік. Бір раундтан кейін шаршап, алқынып қалып жатқаны – сол үйіндегі жаттығудың жоқтығынан. Ал оқу-жаттығу жиындарында боксшылардың пульсі, салмағы тексеріледі. Жаттығудың бәрін үйде істейсің, ал ОЖЖ қалыпқа келтіруге арналады, яғни баланың соңғы даярлығы пысықталып, әрі қарай жекпе-жекке шығады.

– Қазақ пен өзбек боксын салыстыратындар көп. Өзбектер озып кетті деп жер тоқпақтап жатқандар да бар. Олардың соңғы екі Олимпиадада сәтті өнер көрсетуіне бас бапкері Толқын Киличевтің еңбегі орасан. Сіздің ол кісімен дос екеніңізді естідік. Сырттай баға беріңізші, Толқын қандай бапкер, қандай маман?

– Толқын – мықты психолог, сарапшы. Ол боксшы ретінде қолынан келмегенін шәкірттері арқылы көрсетіп жатыр. Қазір содан ләззат алып отыр. Мысалы, кішкентай кезде футбол көріп отырсақ, «ананы былай, мынаны былай істеу керек» деп айтады. Бәрін біліп, жобалап отырады. Тіпті жаттығу кезінде де не істеу керектігін алдын ала жоспарлап барады, себебі қай тұсы кем екенін жақсы біледі, бірақ жаттығуда соны жүзеге асыра алмайды, қабілеті жетпей қалатын. Есесіне ойлау қабілеті, сараптама жасауы керемет.

Біз Толқынмен бір сыныпта оқып, бір нанды бөліп жедік. Жақын досым, екеуміз өте жақсы араластық. 14 жасымызда таныстық, содан бері отбасымызбен жақсы араласамыз.

– Иә, ол  кісі тарих жаңартты. Ал, жалпы өзбек боксының феномені неде деп ойлайсыз?

– Ол жақта балалардың барлығы физикалық және психологиялық тұрғыда дайын болды. Сосын сырттағы емес, жаттығу кезіндегі тәрбиесінің дұрыс болғанын байқадық. Соның арқасында олар үйренгенін қателіксіз, сапасыз орындауға тырысты. Өзіміздің балаларды көріп жүрміз ғой, жаттығуға қалай келеді, солай кетеді. Қосып жатқаны шамалы. Жекпе-жектерде де солай, 100 пайыз күшін салмайды. Әдетте үйренгенде қиналсаң, майданда жеңіл болады деп айтылса және өзбектер сол ұстанымды берік ұстанса, біздің бокшыларда керісінше болып тұр – жаттығуда оңай, жарыста қиын.

– Қазақстан бокс федерациясының басшысы қазақ боксына реформа қажеттігін айтты. Қандай өзгеріс қажет?

– Өздерінің бір ойлағаны бар шығар. Бір айтарым, КСРО тарағаннан құраманың тізгінін ұстаған Тұрсынғали Еділов, одан бергі Ермахан Ыбырайымов, кейінгі Мырзағали Айтжановтардың өзара үйлесімде жұмыс істеуі маңызды екенін түсінуіміз керек. Қазір құрамада ауызбіршілік жоқ. Мұның бәрі соның кесірі.

Тілші Бақыт Сәрсекбаевқа хабарласып, пікірін сұрайды. Ал Сәрсекбаев жерден алып, жерге салады. Қазақ деген бір-бірін батырым дейтін ұлт емес пе еді?! Тілшілерге көбіне сол батыр емес, «қатын» деген сөз керек. Мырзағали Айтжанов кезінде Лондонда, Риода өткен Олимпиада ойындарында өзінің қандай мықты маман екенін көрсетті емес пе? Оны неге бәрі жоққа шығарады?! 2023 жылғы әлем біріншілігінде шәкірттері атой салды. Одан бөлек те талай еңбегі сіңді.

Сосын бас бапкерді шақырған соң құраманы бір циклге тапсыру керек. Токиода Мырзағали ағамыз соңына дейін апаруы керек еді. Жарты жолдан Ғалым ағаны қоя салды, ол Мырзағали ағаның қандай жоспары бар екенін білмейді. Ол не нәтиже көрсетсін?! Әлем чемпионаты жақындағанда оның орнына Қайрат ағаны қойды. Қайрат аға тіпті бір әлем чемпионатының циклін көрген жоқ. Бапкер тағы ауысып, Мырзағали Айтжановты әкелді. Тура қағаз ауыстырған секілді қарайды. Бұл дұрыс емес.

- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет!